Алматы облысында екі шетелдік мектеп директорына таласып, істі болып жатыр
Экс-жұбайы маза бермей жүр. Алматы облысында екі шетелдік мектеп директорына таласып, істі болып жатыр. Түркия азаматы — директор келіншектің экс-күйеуі. Ол ажырасқанда жай кетпей, бұрынғы әйелін торуылдап, соңғы келгенінде өзімен қоса, әйелдің жас келген әкесін де тепкілеп кетіпті. Соққының астында қалған қария инсульт алған. Соңғы төбелесте түркиялықтың өзі де қолын сындырған. Ал оған директор келіншектің қазіргі нақсүйері — Тәжікстан азаматы айыпты деп танылып отыр.
Автор: Шапағат Мырзабекова
23.01.2025
Рафаэль Қадыров Алматыға қызымен жаңа жылды қарсы алуға келген. Мереке мен қысқы демалысты осында өткіземін деген қария енді ауруханада төсек тартып жатыр. Бұрынғы күйеу баласының тепкісінен кейін 67 жастағы азамат инсульт алған. Қазір денесінің оң жағы сал болып қалыпты. Өз бетінше қозғала да, дұрыс сөйлей де алмайды.
Рафаэль Қадыров, жәбірленуші:
— Қолым қозғалмайды, сезбеймін. Аяғым да дәл солай. Ол бізді өлтіргісі келді. Менің қолымды байлап, аузымды жауып тастады. Қызыма ұрысты, артынша маған да: «қызыңа дұрыс тәрбие бермегенсің» деп дауыс көтерді.
Түркия азаматы бұл үйге қақпа мен есіктің құлпын бұзып кіріпті. «Экс-жұбайымды көремін» деген азамат үйге кіре сала, оның әкесін кездестірген. Көп ойланбастан, қарияның қолын байлап, аузын орап сабаған. Дәл осы сәтте қазіргі нақсүйерімен кіріп келген Наиля да экс-жұбайынан таяқ жепті.
Наиля Текин, жәбірленуші:
— 17 қаңтарда кешкі сегіз жарым шамасында досыммен үйге келдім. Кенет екінші қабаттан бұрынғы күйеуім түсті. Cол қолында — пышақ, оң қолында ішімдік. Алдымен суық қаруы бар қолымен мені ұрып, артынша6 бөтелкемен досымның басын жарды. Осы сәтте мен қашып үлгердім.
Айқай-шуды естіген көрші-қолаң полиция мен жедел жәрдем шақырған. Мектеп директоры болып қызмет атқаратын Наиля 57 жастағы Түркия азаматымен былтыр тамыз айында ажырасып кеткен екен. Айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ. Экс-жұбайлар арасында сезімнен бөлек, үй мен көлікке де талас бар.
Наиля Текин, жәбірленуші:
— Бұл — менің үйім. 13 миллион теңгеге өз ақшамды қосып, үстінен кредит алып сатып алдым. Ол тек бір миллионын қосқан. Көлік те кредитке алынған. Оның ақшасын мен төлеп отырмын. Қазір экс-жұбайым үй мен көлікті екіге бөлгісі келеді. Бұған дейін доңғалақтар мен тоқ жүретін кабельді де кесті.
Наиляның сөзінше, ол бір емес, бірнеше рет экс-жұбайына қатысты полицейлерге арызданған. Бірақ еш нәтиже болмапты. Десе де соңғы жағдайдан соң тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғады. Сол түні Наилямен бірге болған жаңа нақсүйері — Тәжікстан азаматы да күдікті болып танылып отыр. Экс-бақталасының қолын сындырғаны үшін ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Меруерт Морякова, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
— 17 қаңтардағы оқиға бойынша Түркия азаматына қатысты полицияда бұрынғы жұбайы мен оның әкесінің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін және заңсыз бас бостандығынан айыру фактілері бойынша қылмыстық істер тергелуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар Тәжікстан азаматына қатысты денсаулыққа қасақана, ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде.
Қазір Түркия азаматы қамауда. Ал директор келіншек полицейлерден заң бабын ауырлауына ауыстыруды сұрап отыр. Өйткені экс-жұбайын енді көргісі келмейді. Ал жаңа нақсүйеріне тағылған айыпты алып тастауды өтінді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!