«Кешірім сұрады». Мемлекеттік сайттар мен электронды сервис жұмысы қалпына келтірілді
Бүгін мемлекеттік сайттар мен электронды сервистің жұмыс істемей, ол жұрттың ашуын туғызды. Өйткені кейбір азаматтар жұмысын уақтылы бітіре алмай, халыққа қызмет көрсету орталықтарында жіпсіз байланды.
Автор: Шапағат Мырзабекова
24.01.2025
Олеся Тюрюшкина:
— Бүгін бір ақау болды. Біз мұнда сағат 11-де келдік. База сағат 2:30-да жұмыс істей бастады. Бізге күтуден басқа амал қалмады. Өйткені сайттардың қашан істейтінін ешкім білген жоқ. Әдетте, мұнда база 15-20 минут қана істемей қалатын. Құжаттарымды 20 минуттың ішінде өткіздім, бірақ сол үшін мұнда үш сағат отыруға тура келді.
Жұрт электронды куәлігіне де қол жеткізе алмаған. Күндіз банктердің мобильді қосымшасында құжаттарды ашу мүмкін болмапты. Тіпті Астана әуежайында жолаушыларға хабарландыруы жасалып, жеке куәліктің түпнұсқасымен келу қажет екені ескертілген.
Ауруханаларда да жұмыс тоқтап, дәрігерлер пациенттерді қабылдай алмай біраз әбігерге түскен. Көп ұзамай құзырлы орган өкілдері техникалық қиындықтар туындағанын айтып, мемлекеттік сайттардың жұмысы толық жөнделгенін мәлімдеді.
Бүгін жұрт Фэйсбук, Instagram баяу жұмыс істеп, WhatsApp хабарламалар баяу жеткізілетіне шағымданған. Цифрлық даму министрлігі мұндай олқылықтар Қазақстанда ғана емес, бүгін дүние жүзінде туындады деп түсіндірді.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі:
— EGov.kz порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы, E-license және Ашық үкімет порталдары, Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисі сияқты қызметтердің жұмысы қалпына келтірілгенін хабарлаймыз. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында және екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында мемлекеттік қызмет алу процесі қалпына келтірілді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!