2030 жылға қарай су шаруашылығы мамандарының саны 2 мыңнан аспақ
Көктемде тасқын, жазда құрғақшылық. Жылда болмаса да, жиі қайталанатын бұл нәубеттің алдын алуда гидрология саласын жілікше шағатын мамандар қажет. Су шаруашылығы саласына президенттің өзі назар аударып, арнайы министрлік жасақталған-ды. Профильді ведомство қазір жас мамандарды оқытуға ден қойып отыр. Осылайша 2030 жылға қарай саланы меңгерген маман саны 2 мыңнан аспақ.
Автор: Айжан Шамшидин
24.01.2025
Былтырғы су тасқыны еліміздегі біраз былықтың бетін ашқандай. Олай дейтініміз, қысылтаяң шақта қарғын сумен күресте білікті маман тапшы болып, жұрт кібіртіктеп қалды. Көктемнің көкжиегі көрінер тұста салаға жауапты мамандардың қажеттілігі сезілді. Су ресурстары министрлігі бірден кадр оқытуға ден қойып, қазір 9 жоғарғы оқу орны мен 8 мамандандырылған колледжде су шаруашылығы мен ирригация мамандарын оқытып жатыр.
Дидар Жәнібекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы:
— Су шаруашылығы саласына биыл 500-ден астам бала бакалавриатқа оқуға түсті. Салыстырмалы айтатсақ, осы мамандықтарға 2024 жылы 20-ден астам мамандар түскен болатын. Бұдан былай су ресурстары министрлігі мамандарды даярлау бойынша жоғары оқу орындарымен тікелей жұмыс жасауда.
Кеңес кезінде аты дүрілдеген Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының ізімен ашылған Тараз ұлттық университеті бүгінде толықтай осы су шаруашылығы мамандарын дайындауға машықталған. Былтыр ғана есігін айқара ашқанына қарамастан, университет қабырғасында 200 студент білім алып жатыр. Бастысы, сан емес, сапа екенін жыл басында отандық басылымдардың біріне шыққан сұхбатында мемлекет басшысы да атап өткен.
Дархан Ахмед-Зәки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
— Кез келген маманықты қазір анықтайтын болсақ, олар 4 жылда бітіреді. Су саласының мамандары осы төрт жылда қаншалықты керек екені осы уақытта белгілі болады. Мысалы, IT мамандығының орнына 10 мың грант беріледі. Бірақ жылдан- жылға 10 мың емес, 50 мың грант керек болуы мүмкін. Сол бағыт экономикалық тұрғыда қалай дамығанына байланысты.
Кеңес заманында су шаруашылығы салысының басында жүрген ардагер мамандар бүгінде қайта ұстаздыққа шақырылуда. Бассейндік инспекциялар штаты да екі есеге ұлғайды. Жұмысшы мамандығына ден қойған шақта бұл біршама адамға қосымша мүмкіндік. Бас-аяғы алдағы үш жылда қырықтан астам су қоймасы қайта салынып, 14 мың ирригациялық канал жөндеуден өткізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!