{metadescription}
«44 адамға үкім кесілді». «Дикий Арман» — 20 жылға, ал Қайрат Құдайберген 8 жылға сотталды
«44 адамға үкім кесілді». «Дикий Арман» — 20 жылға, ал Қайрат Құдайберген 8 жылға сотталды

«44 адамға үкім кесілді». «Дикий Арман» — 20 жылға, ал Қайрат Құдайберген 8 жылға сотталды

Қаңтар оқиғасына қатысы бар 44 адамға бүгін үкім кесілді. Ең ауыр жазаны «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев арқалады. Ол — 20 жылға, ал экс-депутат Қайрат Құдайберген 8 жылға сотталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Ысқақов та тиісті жазасын алды.

Үш жыл бұрынғы қанды оқиға бойынша өзге айыпталушылар бір жарым жылдан 15 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Кейбірінің жаза мерзімі уақытша ұстау изоляторында отырғанда өтеліп кетіпті. Сондықтан бүгіннен бастап бостандыққа жіберілгені де бар.

Қаңтар оқиғасы бойынша атышулы сот процесі жабық қаралған болатын. Тек бүгін тілшілерге сот залында онлайн түрде үкімді тыңдауға рұқсат берілді. Белгіленген уақыттан жарты сағат өткен соң, судья үш жыл бұрынғы қанды оқиғаға қатысы бар 44 адамға үкім оқып шықты. Ең ауыр жазаны «Дикий Арман» лақап атымен көпке белгілі Арман Жұмагелдиев арқалады.

Асхат Әшірбеков, Алматы қаласы, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы:

– Жұмагелдиев Арман Бақытұлына 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, 10 жыл мерзімге қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылсын. Бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін.

Тергеу мәліметінше, 2022 жылдың 5 қаңтарында Жұмагелдиев қылмыстық тобы мен жақтастарының Республика алаңына екі рет шыққан. Олардың мақсаты билікке талап қою үшін конституцияға қайшы ұйым құру болған. "Дикий Арман" тәртіпсіздікке қатысушылар санын арттыру үшін қылмыстық тобының Шымкенттегі мүшелерін Алматыға шақырыпты. Қаңтар оқиғасы кезінде ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бесінші департаментінің сол кездегі бастығы Руслан Ысқақов және Мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенмен бірлесіп әрекет еткен дейді сот.

Алматы соты:

2022 жылдың басында Ысқақов, Жұмагелдиев және экс-депутат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды. Бұл үшін Жұмагелдиев 2021 жылдың желтоқсанында Қазақстанға алдын ала келген. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген «Қазақстан» қонақ үйінде штаб құрып, оған Жұмагелдиевтің тобын шақырды. Осылайша, олар қарулы топтың және оларға қосылған басқа адамдардың әрекеттерін басқарған.

Тергеу барысында Қайрат Құдайбергеннің заңсыз түрде спортшылар мен басқа адамдарды қонақ үй маңында жинағаны анықталды. Ол бұл әрекетін бизнес нысандарын қорғауға көмектесу үшін деген сылтаумен жасаған. Шын мәнінде, Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қосылуды көздепті. Осы үшін Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты да бүгін тиісті жазасын алды.

Асхат Әшірбеков, Алматы қаласы, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы:

Құдайберген Қайрат Құдайбергенұлына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар 7 жыл 6 ай мерзімге қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылсын. Қазақстан Республикасының Президентіне оны «Құрмет» орденінен және полицияның аға лейтенанты атағынан айыру туралы ұсыныс енгізілсін.

Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бесінші департаментінің сол кездегі бастығы Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға сотталды. Ол үш жыл бұрын қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні тәртіпсіздікті ұйымдастыру жоспарының сәтсіз болғанын түсініп, қылмыстың ізін жасыруға тырысқан. Сөйтіп Алматыдағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен Жұмагелдиевке адамдарды ұрлап, қонақ үйлерде ұстауды тапсырыпты.

Бұған қоса Жұмагелдиев қылмыстық тобының 13 мүшесі 10 жыл мен 15 жыл 6 ай аралығындағы мерзімге сотталды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан қалған айыпталушыларға 1 жыл 6 ай мен 7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Барлығы 2022 жылдың наурыз, сәуір айларынан бастап уақытша ұстау изоляторында отыр. Сотталушылардың онда өткізген бір күні негізгі жазаның бір жарым күніне тең. Соған сәйкес, тергеу мен сот ісі қаралған уақытта кейбірінің жаза мерзімі өтеліп біткен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде