Жезқазған: Жанармай базасында жарақат алған адам ауыр халде жатыр
Жезқазғанда жанармай сақтау базасында жарақат алып аурухана түскен адамдардың жағдайы айтылды. Оның бірі жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Өткен демалыс күндері қоймада алдымен өрт шығып, кейін бірнеше рет жарылыс болған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
27.01.2025
Жанармай қоймасы Жезқазған мен Сәтбаев қалалары арасындағы тас жол бойында орналасқан. Алдымен газ және бензин таситын көліктер лап ете қалыпты. Құтқарушылар келгенше бірнеше жарылыс болған. Соңғысының қатты болғаны соншалық, цистерналар тұрған ангар құлады. Болжам бойынша бұл газ жарылысы. Өрт сөндірушілердің бір бөлігі отпен алысса, екіншілері жанармай толы резервуарлар қызып кетіп, жарылмас үшін оларды салқындатып әлек болды. Қойманың 100 шаршы метр жері жанып кетті.
Төтенше жағдайдың себептері анықталып жатыр. Ауруханаға күйік жарақаттарымен бес адам жеткізілді. Миы шайқалған екеуі ертең үйіне шығады. Орташа күйік алған екеу бақылауда. Ал қатты жарақат алған бір науқас әлі есін жия алмай жатыр.
Шахрух Юлдашев, Жезқазған көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары:
— Екі рет ота жасалды, жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы қазір белгісіз. Ештеңе айта алмаймыз. Басы бірнеше жерден жарылған. Жарақаттары да бар. Контузия, соған байлынысты ота жасалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!