Мәжілісмендер МӘМС жүйесін жерден алып, жерге салды
Мақтауы ғана жер жарған МӘМС. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін бүгін мәжілісмендер жерден алып, жерге салды. Медициналық сақтандыру бойынша министрлік пен емханалардың арасындағы байланыстың бірізділікке түспеуі түрлі келеңсіздікке алып келген.
Автор: Айжан Шамшидин
27.01.2025
Ақша қуалаған медицианалық орталықтардың есебі еш қисынға келмейді. Ал денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат — орасан. Тек соңғы үш жылда қаржыландыру үш еседей артқан. Бірақ сол медициналық қызмет сапасына көңілі толмайтындар, керісінше, көбейіп жатыр. КТК тілшісі жыр болған медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәселелерді тыңдап қайтты.
Айта-айта жақ талған МӘМС жыры Мәжіліс қабырғасында тағы көтерілді. Бұл жолы сұрақты төтесінен қойған депутаттар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрайымы Светлана Пономареваны әбден сынады. Пономарева бұл лауазымда уақытша міндетін атқарушы ғана. Депутаттардың айтуынша, саладағы бар былықты айналдырған бір жылда жеті басшының ауысып, бір орынға тұрақтамауынан-ақ аңғаруға болады. Сондықтан бүлінген жерден бүлдіргі алмай, «жүйені уақытша тоқтата тұрсақ» деген ұсыныс айтылды.
Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:
— Былайша айтқанда, біз МӘМС жүйесін жасау арқылы халықты сынақ алаңына айналдырып жібергендейміз. Бұрынғы жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ, қазіргісі де жұмыс істеп тұрған жоқ. Халық қайда барып ем аларын білмейді. Сондықтан менде ұсыныс— онсыз да басы қатып жүрген халықтың одан сайын басын қатырмай, осы жүйені нақты бір жүйелеп, дұрыс жұмыс істегенше ,МӘМС жүйесін неге тоқтата тұрмасқа?
Сала басшылары да, қосшылары да бұған үзілді-кесілді қарсы. Әу баста жер-көкке сыйғызбай мақтаған жүйеге шашылған ақшада есеп жоқ. Сондықтан оны жетілдіруден басқа амал болмай тұр. Тек «көрмейін десем көзім бар» деген депутат Асхат Аймағамбетов, МӘМС-тің әлдеқашан май-шелпек болғанын айтып, абсурдқа толы мысалдарды жіпке тізді.
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты:
— МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. Бес айында тісі шықпаған баланың тісін қалай қанқұрттан емдеуге болады? Бұдан да басқа сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген. Соған тиісті қаражат бөлінсін деп, қорға тиісті есеп берген. Тағы бір кейс — аурухана бір адамға бір күнде 32 қызмет түрін көрсеттік деп есеп толтырған.
Министр Ақмарал Әлназарова бірыңғай ақпараттандыру жүйені реттесек, қазақстандықтардың МӘМС-ке сенімі артады дейді. Тек мұндай уәдені бұған дейін вице-премьер Тамара Дүйсенова бергені әлі есте. Былтыр ол жүйені жетілдіріп, әр тиынның қайда кеткенін ашық көрсететін бағдарламаны іске қосамыз деп еді. Енді Әлназарова биыл осы істі қайтсек те бір жақты етеміз деді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
— Жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша ВАП тарапынан тапсырма берілді. Бүгінде жұмыс жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін бірыңғай ақпараттандыру жүйесінің базасының мемлекет базасын қалыптастырамыз.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есепті де дұрыс жүргізбепті. Қор жұмысын тексерген Жоғары аудиторлық палатаның есебінше, түскен ақшадан гөрі, жұмсалған қаражат көп. Яғни бұлай жалғаса берсе, алдағы бес жылда МӘМС өз міндетін орындай алмай қалуы мүмкін.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан бөлек, ақ халаттылардың бас амандығы туралы да сөз қозғалды. Енді қызмет барысында соққының астында қалған дәрігерлер заңмен қорғалмақ. Яғни медицина қызметкеріне жұдырық ала жүгіріп, қоқан-лоққы көрсеткендерге қылмыстық іс қозғалып, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы көзделеді. Министр Ақмарал Әлназарова бұл норманы жеке қадағалап, құжатты талқылауға өзі қатысатынын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!