Ақтау: Тұрғындар элита үй салып жатқан құрылыс компаниясына қарсы шықты
Ақтауда тұрғындар элита үй салып жатқан құрылыс компаниясының әрекетіне қарсы шықты. Өйткені жалғыз жолды қоршап алып, аяқ басатын жер қалдырмады дейді. Нысанның бас жоспарындағы сызбада көрсетілмеген аумақты қосып алып, сол жерді автотұрақ қылмақшы көрінеді. Шенеуніктер қоршауды алып тастауды талап етіп табандап тұрып алған халықпен кездесті.
Автор: Ислам Қабылұлы
28.01.2025
Теңіз жағасына жақын маңда бой көтерген заманауи сәулет стиліндегі тұрғын үйді салушы құрылыс компаниясы ағаштың бәрін бұталап тастағаны аздай, енді жаяу өтетін жолды темір дуалмен қоршап тастады дейді жергілікті тұрғындар. Мектепке де, аялдамаға да шығатын жалғыз жол осы екен.
Фатима Елбаева:
— Маған хабарласып, қандай келісімшартқа келе аламыз деп сұрап жатыр. Басында өздері осылай істеді, бізбен ешкім келіскен жоқ. Біз құрылысқа қарсы емеспіз деген келісім болған. Бірақ мына жердің бәрін қоршап алды, түрме сияқты, мына жерді жабыңыз дегенге келісім берген жоқпыз. Одан кейін 14, 15 шағынауданның арасындағы видеоны жібердім. Жаяу жүргінші жолдың бәрін де жауып алды.Қарайған 10, 20 шақты ағаштың бәрін алып тастады.
Жүрөс Исмаилов:
— Біз күнде жүретін адамбыз. Бізге қиын болды. Олар кетіп қалды. Үйінде жүр. Балаларға, өзімізге де қиын болып тұр.
Халық жиналған орынға қаланың Мәслихат депутаттары, әкімдіктің жер қатынастары бөлімі мен құрылыс компаниясының өкілдері келіп, мәселенің мән-жайын байыптады. Келмеске лажы қалмаған, бұған дейін бойын жасырған серіктестік өкілі тұрғындар сауалынан қашып, екіұшты жауап берген көрінеді.
Жандос Өтелгенов, Ақтау жер қатынастар бөлімі басшысының орынбасары:
— Ол жерде жер учаскесін қарағанда тұрғын үйдің алдыңғы аумақтарында артық пайдаланып отырған жер учаскесін анықтау мақсатында бөлім тарапынан тиісті мониторинг жүргізіледі. Егер артық пайдаланып отырған жер анықталған жағдайда, Маңғыстау облысы бойынша жер ресустарын басқару департаментіне тиісті заңнамаларға сәйкес, шара қолдануға жолданады.
Қоршаудың сол сәтте алынуын талап еткен тұрғындар айтқанын табандап тұрып алды. Құрылыс мекемесінің қоршауы халықтың арыз-шағымынан соң алынатын болып шешілді. Жолайрық жолмен 40 жыл бұрын салынған сегіз үйдің тұрғындары осыған дейін жүріп келген. Бүгін бұл қоршауды алса, алдағы бір-екі күнде сәулет-құрылыс басқармасы бекіткен аумақтан шығып кеткен жері бұзылып, алып тасталмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!