Түркия: Аланияда он екі қабатты қонақ үй өртенді
Түркияда тағы бір қонақ үй өртенді. Бұл жолы Анталия провинциясына қарасты Аланиядағы он екі қабатты нысан отқа оранды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Өйткені әлі демалыс маусымы басталмаған.
Автор: Әсем Лесбек
28.01.2025
Қара түтін туристік шаһардың әр шетінен анық көрінген. Аз уақытта отқа оранған ғимарат негізінен тұрғын үй болыпты. Оны қонақ үйге айналдыру үшін ішінде жөндеу жүріп жатқан. Ілезде күш алған өрттен біраз жұмысшы ғимарат ішінде қалып қойып, құтқарушылар көмекке келіпті. 13 адамның тоғызын жеделсатымен, қалғанын кранның көмегімен құтқарып алған.
Қазір барлығының жағдайы жақсы. Оқыс оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Карталкая тау-шаңғы курортында қонақ үй өртеніп, 80 адам опат болған еді. Жарақат алғандар да аз болмады. Осыған байланысты Түркия аза тұту күні жариялаған еді. Қазір осы оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр. 18 адам қамауға алынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!