«Үлкен империя болған». Атыраудан алтын көмбе табылды
Атыраудан алтын көмбе табылды. Сармат дәуірінен қалған бұл археологиялық олжалар Каспий аймағы мен Жайық бойында үлкен империяның болғанының дәлелі дейді өлкетанушылар.
Автор: Жанат Молдашова
28.01.2025
Археологтар екі жылдан бері Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылы маңындағы обаларға зерттеу жұмыстарын жүргізіп келген. Диаметрі 70, биіктігі үш метр қорғанның ішіндегі тоғыз қабірдің жетеуі тоналмай, сол күйі сақталыпты. Тарихшылардың айтуынша, ол қабірлерде сармат көсемдері жерленген екен. Болжам бойынша, қорғандар біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда салынған. Көшпенді тайпа көсемдерінің қару-жарағы, алтын-күмістен соғылған әшекей бұйымдар, ыдыстары жақсы күйде екен. Жәдігерлер арасындағы ең ауыр алтын әшекей екі жағында барыс бейнеленген білезік, салмағы 370 грамм.
Жалпы сарматтар Тәңірге табынғандықтан, өмірден өткені бар дүниесімен жерленеді дейді мамандар. Бұл жолғы табылған тарихи олжалар ғалымдардың қөзқарасын өзгерткенін айтады. Жалпы Атырау облысында 500-ге жуық сармат қорымы бар көрінеді.
Марат Қасен, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің археологы:
— Үш обаны қаздық. Каспий аймағы, соның ішінде Сағыз, Жайық өзенінің маңында кезінде үлкен империяның орталығы деп айтуға болады. Өйткені шығып жатқан жәдігерлер, одан басқа ғибадатхана, сарматтардың басқа да заттары ғылымда жаңаша көзқарас тудырады. Мыңға жуық жәдігер шықты. Соның ішінде 100-ге жуығы алтыннан жасалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!