Есілдегі «Күн» субұрқағына қатысты атышулы іс бойынша сот жалғасып жатыр
Астанада Есіл өзеніне орнатылған «Күн» субұрқағына қатысты атышулы іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген Астанадағы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына прокурор 10 жыл жаза сұрады.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
29.01.2025
Мемлекеттік айыптаушы Болат Мажағұловты «Сенiп тапсырылған мүлiктi аса ірі мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша кінәлі деп санайды. Экс-шенеунікпен бірге айыпталушы орындығында мердігер компанияның басшысы да отыр. Прокурор оның бас бостандығын жеті жылға шектеуді сұрады.
Есіл өзенінің үстіне орналасқан «Күн»субұрқағы Астана күні мерекесінде іске қосылу керек болған. Тергеуде нысан құрылысы мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалғаны және мемлекеттік сараптамадан өткізілмегені анықталды. Қаржы мониторингі агенттігі оларды субұрқақтан бір миллиард теңге мемлекет қаржысын жымқырған деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!