Қанағат Әбілқайырдың қоғам тамырын дөп басқан шығармасы жарық көрді
Қоғамның тамырын дөп басқан туынды. Алматыда жазушы, журналист Қанағат Әбілқайырдың «Жүректің көз жасы» кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш туынды 21 ғасырдағы қазақ әйелдерінің тағдырын шынайы бейнелейді.
Автор: Ақтоты Жұмабек
30.01.2025
Қанағат Әбілқайыр, жазушы:
— Қолымнан келгенше әйел тақырыбын ашуға тырыстым. Өйткені біздің қоғамда, білесіздер, әйелге зорлық жасалады. Қыз бала зорланып қалғанын әке-шешесінен жасыратын кездері болады. Өзінің абыройы үшін. Бұл кітапта осы нәрселерді ашып көрсетуге тырыстым. Сол қыздың өліп қалмай, өз-өзіне қол жұмсамай, ары қарай күресіп, биікке жеткенін көрсетуге тырыстым.
Бұл — оқырманға шығармалары кең тараған танымал қаламгер, публицист Қанағат Әбілқайырдың бесінші кітабы. Көбіне сатира жанрына ден қоятын автор бұл жолы жұртты алаңдатқан мәселеге көңіл бөлген. Түрлі тағдыр тоғысқан туындыда зорлық-зомбылық тақырыбы баяндалады. «Оның өзектілілігін сезінгенім соншалық, шығарманы айналасы бір-екі аптаның ішінде жазып шықтым» - дейді автор.
Жамбыл атындағы жасөпірімдер кітапханасында өткен рухани шараға ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен жазушыларды қолдауға арнайы келген оқырмандар жиналды. Повесть әзірге 500 данамен жарық көрген. Десе де автор болашақта сұраныс болса, кітап электронды түрде де оқырманға жол тартатынына сенімді.
Айта кетейік, бұл жиында қос кітаптың тұсауы кесілді. Оның алғашқысы — Қанағат Әбілқайырдың «Жүректің көз жасы», екіншісі — Гүлзейнеп Сәдірқызының «Айбибісі». Қос автор да “Алқа паблишинг” баспасы грантының иегерлері.
Баян Хасанова, Аlqa Publishing баспасының бас редакторы:
— Өмірден алынған оқиғалар. Екі шығармада да — «Айбибі», «Жүректің көз жасында» да кейіпкерлердің бойынан өз әпкемізді, сіңлімізді, жеңгемізді, анамызды көреміз. Өмірден көрген тауқыметі болсын, қиындығы болсын, қаншалықты құрбандыққа бара алды, жеңіске жету үшін қандай құрбандыққа мәжбүр болды — бәрі шынайы суреттелген. Екі шығарма да грант жеңімпазы атанды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!