«Нейрожүйе туралы». Бес жылда бір миллион адамды ЖИ пайдалануға машықтайды
Қазақстан алдағы бес жылда 1 миллион адамды жасанды интеллект пайдалануға машықтайды. Елімізде қарқынды дамып жатқан «Нейрожүйелер туралы» заң жобасы да әзірленген. Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін Астанада халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылмақ. Нейрожүйелерді кейбір отандық компаниялар қазірдің өзінде сәтті пайдалануда.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
31.01.2025
Бұл технологияны түрлі салаға енгізу мәселелері Digital Almaty халықаралық форумында талқыланып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертетінін Қасым-Жомарт Тоқаев та мақаласында атап өткен болатын.
Жасанды интеллект бүгінде отандастарымызға таңсық сөз емес. Тәпті өміріміздің маңызды бөлігіне айналып келеді. Бүгінде нейрожүйені сәтті қолданып отырған отандық компаниялар да аз емес. Нейрожүйені медицина, экономика, өнеркәсіп пен білім беру, сондай-ақ, киберқауіпсіздік салаларына жан-жақсы енгізу ендігі мақсат. Оның жолдары халықаралық Digital Almaty форумында талқыланып жатыр. Форумда отандық және шетелдік ғалымдардың ЖИ бойынша стартаптары таныстырылуда. Мұнда робототехниканың соңғы жетістіктері де ұсынылды. Мәселен, робот. 30 килограммға дейінгі заттарды бір жерден екінші жерге тасымалдай алады. Яғни үлкен үйде тұратындар үшін немесе кең кеңседе жұмыс істейтіндерге ыңғайлы көмекші. Құрылғының бағасы 3 миллион теңгеден басталады.
Форумға арнайы келген шетелдік IT-мамандары жасанды интеллектті күнделікті қолданып, өміріңізді жеңілдете түсуге кеңес береді.
Ричард Стирлинг, Oxford Insights компаниясының негізін қалаушы:
– Жасанды интеллектті қарапайым өмірде қолдануды бастаңыз. Одан бүгінгі кешкі асқа не дайындау керегін, сіздің күн кестесін құрып беруді немесе аударма жасап беруді, зерттеу жүргізуге көмектесуін сұрасаңыз болады. Ол үшін ең үздік нейрожүйелердің бірі — Chat QPT және жуырда шығарылған DeepSeek нейрожүйесін қолдансаңыз болады.
Бұл ретте қазақстандық мамандар да көштен қалмай, KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасын әзірлеген. Ол қазақша ойлап, сараптама жасап, ана тілімізде сөйлесе алатын жасанды интеллект. Таяу жылдарда нейрожүйелердің қарқынды дамып, жұрттың тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертетінін Қасым-Жомарт Тоқаев та мақаласында атап өткен. Алайда нейрожүйелерден төнетін қауіп те жоқ емес дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: (Ana tili газетіне берген сұхбатынан):
— Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазба жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті. Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде, жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуі тиіс.
Digital Almaty форумына қатысқан премьер-министр Олжас Бектенов алдағы бес жылда жасанды интеллекттің тілін түсінетін бір миллион адамды даярлау жоспарланып отырғанын атап өтті. Десе де, нейрожүйелердің болашақта кей мамандықты жойып жіберуі де ықтимал екенін шенеуніктер жоққа шығармайды.
Мирас Зәкиев, Жасанды интеллект және инновациялық дамыту комитеті төрағасының орынбасары:
– Жасанды интеллект — ол технология. Кез келген жаңа технология туындап отырады. Ол туындаған сайын жаңа мамандық пайда болады. Ескі мамандықтар жойылады. Ол табиғи нәрсе. Қазір ЖИ өз әсерін тигізеді, адами ресурстар саласына. Алайда ол, онымен қоса жаңа жұмыс орындарын тудырады деген сенімдеміз.
Жыл соңына дейін Астанада Alem.AІ атты халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылмақ. Оған мемлекет басшысы үлкен үміт артып отыр. Яғни орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновациялар енгізетін орынға айналуы керек екенін атап өтті.
Жаһанды жайлаған жасанды интеллектті одан әрі дамытуға бағытталған Digital Almaty форумы ертең де жалғаспақ. Оған бүгін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің премьер-министрлері мен олардың орынбасарлары да қатысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!