Ақмола облысы: Құтқарушылар боранда қалған сырқат бүлдіршінді ауруханаға жеткізді
Ақмола облысында боран күшейіп, жолды қар алып қалғандықтан, алыстағы ауылдан аудан орталығына сырқаттанған екі жасар бүлдіршінді жеткізу қиынға соққан. Абырой болғанда, көмекке құтқарушылар келіп, жол талғамайтын көлікпен 45 шақырым жердегі ауруханаға жеткізген.
Автор: Мерген Тоқсанбай
31.01.2025
Оқиға Есіл ауданына қарасты Орловка ауылында болған. Сәбидің ыстығы көтеріліп, жөтелі күшейіп, бар амалы таусылған ата-анасы құтқарушыларды шақырған. Қардың қалың түсіп, боран борап екі ортадағы жолдың кейбір жерін үш метрге дейін қар алып қалған. Сондықтан жеңіл көлікпен екі араны жүріп өту мүмкін болмаған.
Ерсайын Қойшыбаев, Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі:
— Ақмолалық құтқарушыларға 2023 жылы туған сәбиді Орловка ауылынан Есіл ауданы ауруханасына жеткізу қажет деген қоңырау түседі. Жедел түрде ол ауылға құтқарушылар мен аудандық аурухананың фельдшері жол талғамайтын Трекол көлігімен аттанды. Олар науқас сәби мен анасын екі сағатта ауруханаға жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!