«Әр өңірде әр түрлі». Ақылы жолдардың құнын біртіндеп өсіреді
Ақылы жолдардың ақысы қымбаттайды. Көлік министрі тариф өсімі әр өңірде әр түрлі болады дейді. Тек баға саясатының бұлай құбылуы осы трассалармен күнделікті қатынайтын жергілікті тұрғындарға әсер етпейді. Олар бәз-баяғыша абоненттік төлем ретінде 3 мың теңге төлейді. Ал желідегі «бірден төрт есеге қымбаттайды» деген ақпардың фейк екенін кесіп айтты. Жолдарды реттеп алған соң, жауапты министрлік жердегі таксиді қойып, әуе таксиін дамытуды қолға алмақшы.
Автор: Айжан Шамшидин
04.02.2025
Ақылы жолдардан қазынаға бір жылда 48 млрд теңге түсіпті. Десе де қап-қап ақшаның көл-көсір пайдасын көруге кедергі көп. Көлік министрі тапқан ақшаның бір бөлігін амалсыз жол құрылысына қарыз алған инвесторға қайтарамыз дейді.
Қалай десек те, министр Қарабаев ақылы жолдармен жүру ақысы өседі деп отыр. Тек желідегі «бірден төрт есеге қымбаттайды» деген ақпардың жалған екенін кесіп айтты. Тарифтің өсімі әр өңірдегі жолдардың учаскелеріне қарай, 30-40 пайыз арасында құбылады. Ал ұзақ жолға шықса дәретхана таппай кететін жұрттың айта-айта жауыр болған мәселесін жауапты ведомство біртіндеп шешіп жатыр екен.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
—Ең бастысы, жол маңайында жанармай ашылу пункттері бар, дәретханалардың айналасында дамытып жатырмыз. Орналастырып жатырмыз деп айтайыншы, сол дұрыс болар. Баяғыдай бір жерге салудан, біз оңай қағидадан кетіп бара жатырмыз.
Ақылы жолдардың құнын біртіндеп өсіруге бел буған министрлік жүргізушілерден биыл 60 млрд, келесі жылы 100 млрд теңге өндіріп алмақшы. Тек жергілікті тұрғындар ғана тақтайдай тегіс жолмен жүргені үшін белгіленген абоненттік төлем 3 мың теңге шығарады. Цифрлық даму министрлігі бұнымен қоймай, алдағы бір-екі жылда автобандар 100 пайыз интернетпен қамтылады деп отыр.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
— Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылы республикалық және облыстық жолдар 100 пайыз мобильді интернетпен қамтылады. Осыған байланысты министрлі антенна құрылысына бюджеттен қаржыландыруды қолдауды сұрайды.
Министрдің айтуынша, әуе отыны бензин болмағандықтан, билет бағасы сол қалпы қалады. Ал темір жолға келсек, пойыз билетін мемлекет уысында ұстап, бақылаудан шығармайды. Сондықтан бензин бағасы, тек такси бағасының қымбаттауына әкеледі.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
— Әуелден әуеде керосинімен жүреді. Сондықтан еш әсер етпейді. Ал енді темір жол бағасын жақсы білесіздер, ол мемлекет тарапынан реттеледі. Сондықтан темір жол билетінің бағасын өсіруді жоспарлаған жоқпыз. Қазір де такси қызметінің бағасы нарықта, яғни ол мемлекет тарапынан реттелмейді.
Былтыр ғана Оңтүстік Кореяға барып келген біздің делегация аэротакси қызметіне қызығып та, қызғана да қарапты. Содан бері, қайтсек, елімізде мұндай такси қызметін ұшыруымыз керек деген министрлік өкілдері жобаны зерттеуді бастап кеткен. Бастапқы сатысында Алматыдан Алатау қаласына дейін сынап көрмекші. Шу шығармайтын, сутегі тұтынатын мұндай тікұшақтарға бес адамға дейін сыйып кетеді. Әзірге қызығушылық танытқан отандық компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!