Қаңтар оқиғасы: Қару-жарақ, жарылғыш заттар, оқ-дәрілер, гранаталар тәркіленді
Қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған қару-жарақтан бөлек, мыңдаған тапанша мен жарылғыш заттар табылған. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп анықтап, тәркілеген сансыз қарудың арасында оқ-дәрілер мен бірге гранаталарға дейін бар.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.02.2025
Осыдан үш жыл бұрынғы бейберекетсіздік кезінде 2960 табельдік және азаматтық қару қолды болған. Содан бері жедел іздестіру шараларында 8 мыңға жуық атыс және травматикалық қару, 831 граната, сондай-ақ түрлі калибрлі 112 мыңнан астам оқ-дәрілер табылып тәркіленген. Оның ішінде Алматы қаласындағы қару жарақ дүкенінен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғандары да бар. Қару-жарақ жасырылған 722 орын табылыпты. 4 тегіс ұңғылы мылтық пен түрлі оқ-дәрілерді, тіпті Шымкент қаласының маңындағы зиратқа көміп тастаған. Ал Қостанай облысында бұрын сотталған жергілікті тұрғынның жертөлесінен үш Калашников автоматы табылған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалған.
Шыңғыс Әлекешов, ҚР ІІМ ресми өкілі:
— Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1226 қарудың шығу тегі нақты айқындалды. Қалған тәркіленген 6765 қарудың қылмыскерлер тіркеу нөмірлерін қасақана өшіріп тастағанына байланысты тиісті сараптамалар тағайындалды. ІІМ және ҰҚК бұл жұмысты тұрақты жалғастырып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!