Ақтауда жекеменшік лицейде шу шықты — білім алудан қағылған
Ақтауда жекеменшік лицейдің ұстаздары мен оқушылардың ата-аналары шу шығарды. Себебі білім ошағынан айлығын мандытып алмаған 25 мұғалім жұмыстан шығып кеткен. Сабақ оқытатын ұстаздар болмай, балалар да біртіндеп кете бастапты. Әу баста ҰБТ-ға дайындап, шет тілін тереңдетіп оқытамыз деген мектеп әр оқушыдан 1,5 млн теңгеден алған. Не білім, не тіл үйренуден қағылғандар құйған қаражатын қайтарып беруді талап етіп отыр.
Автор: Ислам Қабылұлы
05.02.2025
Ақтаудағы «Ғасыр» лицейінде білім алатын оқушылардың ата-аналары шу шығарды. Бұл білім ошағында бес айдан бері жалақы ала алмай жүрген мұғалімдер жұмыстан шығып кеткен. Ұстаздары жоқ оқушылар да білімсіз қалып, басқа мектепке ауысуға мәжбүр болған. Ал бір жылға оқу ақысын төлеп қойған ата-аналар қалған қаражатын ала алмай жүрген көрінеді.
Ұл-қыздарын лицейге сапалы білім алсын деп берген ата-аналар соңында сан соғып қалған. Бір жылға 1,5 миллион теңге оқу ақысын төлеген олардың балалары соңғы екі айдан бері дұрыс оқытылмаған. Себебі:жалақысын алмаған мұғалімдер жұмыстан шығып кеткен. Ал оқу жылы ортасына таяғанда балаларын басқа мектепке қабылдамай жатқан көрінеді.
Айнұр Сейдахметова:
— Қарашадан бастап мұғалімдердің айлығы берілмейді деп «Ладаға» шығып, сыбыстар шықты. Қызым сыныпта балалар кетіп жатыр дейді. Көп бала басында кетіп қалады. Шыны керек, енді балалардың көбі бұл жаққа ҰБТ-ға дайындалуға келді. Біз бастапқыда ҰБТ-ға дайындалуға келмеген соң, бастысы ағылшын тілі болды. Содан кейін біз жүре бердік. Енді «фаундейшнге» неге бармайсың десем, ол жақта мұғалім жоқ дейді.
Еңбекақысын бес бөліп алған мұғалімдер амалсыз жұмыстан шығып кеткен. Айтуынша, мектеп әкімшілігі қыркүйек айынан бері әлеуметтік төлемді дұрыс төлемей, зейнетақы уақтылы түспеген. Соның салдарынан емханадан да тегін ем алмай жүргенін айтады.
Наз Шафик, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
— Қыркүйектен бері ешқандай ақша аудармады. Бірақ ата-анаға басқаша айтады. «Аударылып жатыр, мұғалімдер бар» деп. Қазір ешқандай мұғалім жоқ. 25 мұғалім жұмыстан шығып кетті. 20 мұғалім қалған. Ішінде дипломсыз жүргені де бар. Бұл жерде ешқандай білім жоқ.
Даудан басы арылмаған білім ошағының негізін қалаушы бір аптаның ішінде бар мәселені шешіп беремін деп уәде берді. Бос қалған мұғалімдердің орнына Алматы қаласынан басқа қызметкерлерді шақыртып, жұмысымызды ары қарай жалғастыра береміз, - дейді ол.
Якуб Халықбердиев, Gasyr лицейінің негізін қалаушы:
— Қазір мен ата-аналардың бәріне түсіндіріп айттым, бір аптаның ішінде барлық жағдай шешіледі. Басқа дайын мұғалімдер бар, олар Алматы қаласынан келеді. Дүйсенбіден бастап сабақтар оқытылады. Мектеп ары қарай жұмысын жүргізеді. Біздің лицензиямыз бар. Заң бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Салық төлеу сияқты барлық тексерістен өттік. Зертханамыз да бар.
Ал қаланың білім бөлімі аталған мәселеге қатысты құзыретті органдар заң шеңберінде тексеріс жүргізетінін хабарлады. Білімсіз қалған оқушылар мемлекеттік мектепке қабылданып, жұмыссыз қалған мұғалімдерге бос жұмыс орны ұсынылады, - дейді білімге жауаптылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!