Алматы: Жаңа салынған үйде бірнеше күн қара суықта отыр
Қытымыр аязда жылусыз қалған. Алматыда су жаңа үй тұрғындары бірнеше күннен бері қара суықта отыр. Оған қоса, олар ыстық судың өшкеніне екі айдың жүзі болғанын айтады. Ал жауапты компания өкілдері жауаптан жалтарып, мәселені біржақты етуге құлшыныс танытпаған. Жұрт қанша арыз жазғанымен, еш нәтиже болмапты.
Автор: Ақтоты Жұмабек
06.02.2025
Тұрғын үйдегі бір пәтерге біз де кіріп көрдік. Расымен, үйдің іші сұп-суық. Еден — мұздай. Терезеден жел азынап тұр. Тұрғындар электр құрылғы қосып жылынуға мәжбүр. Тапқан-таянғанын жинап, ақшасын толық төлеп сатып алған пәтердің сыйқы осы. Сапасыз құбыр орнатылған. Қыс түскелі ыстық сусыз отырмыз дейді. Ал төбеден өткен судан пәтерлердің қабырғасы дымқылданып, түсқағаздары түсіп, едендегі линолеум көтеріліп кеткен. Жылу жоғалғалы берекесі тіпті қашқан.
Нұржамал Ілиясова, «Шұғыла city» ТК тұрғыны:
— Бес күн бойы жылу жоқ. Күн де қатты аяз болып кетті. Аяғым тақтайдай үсіп, баса алмай, сезбеймін. Даладан өткен суық. Бетон. Қатып өлемін. Пешті қасыма құшақтап жатқым келеді.
«Ыстық су мен жылуға зар болдық» деп шырылдаған тұрғындар мұның бәріне сервис көрсететін компанияны кінәлі деп отыр. Айтуларынша, бұған дейін бір емес, бірнеше рет шағым жазған жұртқа еш жауап қатпаған.
Рамазан Жабаев, "Шұғыла-city" ТК тұрғыны:
— Дәлізде су ағады. Жүйеленбеген. Ыстық су құбыры тым сапасыз. Жасаған жөндеуім бұзылып жатыр. Шығынын жауып берсін. Ыстық су құбырларын ауыстырып берсін. Жүйелендіріп берсін. Жылу да жоқ, өшіріп тастаған. Қосса, кез келген жерінен су тесіп шығып жатыр.
Ал жауапты компания өкілдерінің айтуынша, өз міндетіне кіретін қызметтің бәрін атқарып жатырмыз деп сендірді. Қандай да оқыс оқиға болған жағдайда, оны түзетуге «күндіз-түні дайынбыз» деп отыр.
Жанна Тілебаева, QazaqStroyService компаниясының атқарушы директоры:
— Мен мұндай жағдайдың болғанын қаламас едім. Бірақ үй — жаңа, алғашқы жылыту маусымы. Осындай жағдай болып тұрады. Біз басқарушы компания ретінде толық көмек көрсетеміз. Одан кейін «ҚазақСтрой» мердігерлері келеді. Компанияның жігіттері келіп, бәрін істеп жатыр. Біз мұны, мүмкіндігінше тезірек шешуге тырысамыз.
Жауаптылар ыстық су мен жылу мәселесін компаниядағылар «бір аптаның ішінде шешіп береміз» деп уәде етті. Ал пәтерлері бүлінген тұрғындар жөндеуге кететін шығынды да өндіруге бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!