Ақтөбе облысы: Тасқында бұзылған бөгеттің иесі сотталды
Ақтөбе облысында тасқын кезінде бұзылған бөгеттің иесі сотталды. Кәсіпкердің екі жарым жылға бас бостандығы шектеліп, үш жыл бойы су шаруашылығы саласында жұмыс істеуіне тыйым салынған.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.02.2025
Былтыр Хромтау ауданындағы «Мағаджан» плотинасы көктемде бұзылған-ды. Бөгетке жиналған су маңайдағы үш ауылға жайылып, көршілес Алға ауданының Бесқопа, Қызылту мен Табантал елді мекендерін басты. Жарылған бөгеттің кесірінен Қарғалы мен Елек өзені бойындағы бау-бақша ұжымдарында тұратындарды қауіпсіз жерге көшіруге тура келді. Кейін тексеру кезінде плотинаны күтіп ұстамағаны анықталды. Он жыл бұрын аудан әкімдігінен бөгетті сенімгерлік басқаруға алып, жөндеу де жүргізбеген. Енді ауыл-аймаққа қауіп төндіріп, жұртты әбігерге түсіргені үшін кәсіпкер екі жарым жыл бойы еркін жүріп-тұра алмайтын болды.
Жадан Бисенбин, Ақтөбе облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының бастығы:
— 2014 жылы бөгет балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС тарапынан. Бөгетті күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша өз міндеттерін тиісінше орындамаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!