ҚҚС: Президент салықты дифференциалды етуді ұсынды
"Үкіметтің ұсынған салығы тым жоғары". Қосымша құн салығына қатысты мәселені "әлі де пысықтау қажет" деген президент салықты дифференциалды етуді ұсынды. Ал оның көлемін бекітерде Үкімет сала мамандарының, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін міндетті түрде ескеруге тиіс, деді бүгін Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
07.02.2025
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан, бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек.
Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Қосымша құн салығының көлемін Үкімет 20 ақпанға дейін Мәжіліс қарауына ұсынатынын күні кеше ұлттық экономика министрі айтқан болатын. Қосымша құн салығын 16-20 пайыз аралығында өсіру жоспарланып отыр. Ал сол салық ұсталатын төменгі сомадан 78 миллионнан 15 миллион теңгеге түсірмекші. Есесіне, жұмыс берушілер үшін міндетті зейнетақы төлемін азайту ұсынылған. Алайда Үкіметтің бұл жоспары қоғамда, әсіресе орта және шағын бизнесте жүргендер арасында қолдау тапқан жоқ.
Ұлттық экономика министрі Сенаттың кешегі отырысында оларға да жауап қатты. Серік Жұманғариннің айтуынша, шағын дүкен, шаштараз, мейрамхана, базар саудагерлері сияқты ұсақ кәсіп иелеріне еш әсер етпейді. Көтерілетін қосымша құн салығы бизнестің белгілі бір салаларына ғана қатысты деген еді министр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!