Бүлдіршіндерге құрттаған ботқа бермек болған балабақшаға айыппұл салынды, бірақ ...
Ақтөбе облысында бүлдіршіндерге құрттаған ботқа бермекші болған балабақшаға айыппұл салынды. Бірақ оны кімнің өтері белгісіз. Себебі: басшысы, бас аспаз бен мейірбике жұмыстан қуылған.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.02.2025
Қандыағаш қаласындағы «Самал» балабақшасын санитар мамандар тексерген. Алдымен құрт қаптаған ботқаны көрген тәрбиешілер дабыл қаққан болатын. Таңғы асқа берген тағамда құрт пен қоңыздың өріп жүргеніне аспаздар да, мейірбикесі де көңіл аудармапты. Бастысы, балалар ауыз тиіп үлгермеген. Бір қап жарманы сараптамаға жіберіп, ол жерде сұлы ботқасында жүрген ұсақ қоңыз екені расталды. Қапта қалған 19 келі сұлыны сол бойы отқа жағып, балабақшаға 450 мың теңгедей айыппұл салынды. Жұмыстан қуылған басшылардан бөлек, қойма меңгерушісі мен аспаз көмекшілері қатаң сөгіс алды.
Лаура Ршауова, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бөлім басшысы:
— Тамақ өнімдерін сақтау кезінде температура, ылғал режимі бұзылған. Сонымен қатар қоймаларында салыстырмалы ылғалды бақылау аспаптарымен жабдықталмаған. Тексерген кезде жарма сақталатын қоймадан жәндіктер табылды. Тәулік сынамасында сұлы ботқасынан қалған сынамада қоңыздар анықталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!