Алматы облысы: Байкент тұрғындары бес жыл бойы ауыз суға зәру
Ауыз суға зәру. Алматы облысында тұтас бір суға қол жеткізе алмай тарығып отыр. Негізі Байкент ауылында құбыр бар. Бірақ қыс түссе қатып, ала жаздай жарылады. Әйтеуір аңғасы кепкен жұрт суға жарыған емес. Жергілікті әкімдік те, облыстағы шенділер де бұл жағдайдан хабардар дейді тұрғындар.
Автор: Шапағат Мырзабекова
11.02.2025
Өйткені бес жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырумен жүр. Бүгін де жиылған жұрттың алдына жедел жеткен ауыл әкімі жылдар бойы шешілмеген мәселені «ертең-ақ бітіремін» деп уәде беріп кетті.
Байкент ауылының тұрғындары бес жыл бойы ауыз суға зәру. Қақаған қыста тіршілік көзіне жарымай отырғандар бірде қосылып, бірде өшіп қалатын судан діңкесі құрыған. Олардың айтуынша, құбырдан құм аралас су ағады екен.
Жиналған жұртты екі сұрақ мазалайды. Біріншісі — құбырда неге күнде апат, екіншісі — жарылғыш құбырдан аққан су сапасы қашан жақсарады? Өйткені анда-санда берілетін суды тұтыну мүмкін емес.
Ләззат Найзабаева:
— Ол аздай, ақша төлейміз, ал өзіміз су сатып алып ішеміз. Мына суды бала-шағамызға бере алмаймыз және суды өшіріп тастайды. Біресе бар, біресе жоқ. Түнде судың аққан уақытын күтіп отырамыз. Одан қалса, ылғи сүзгілерін тазалап тұруымыз керек, әбден шаршадық.
Жауапты мекеме бір апта бұрын құбырларды жөндеуге тырысқан. Бірақ олқылықты таппағаны аздай, қазба жұмысынан соң жерді тегістемей, сол күйі тастап кетіпті. Бес жыл бойы шешімін таба алмай келе жатқан мәселені жұрт бір емес, бірнеше рет көтерген.
Әйгерім Жолдасбек:
— Әкімдікке хабарлассақ, «қазір, міне, бүгін бітіреміз» дейді де, құтылады. Бір-екі сағатқа қосып, сосын қайта өшіріп тастайды. Төрт балам бар. Кішкентайым бар. Төртінші қабатқа қайта-қайта көтерілу мүмкін емес. Бес-бестен он литр суды қайта-қайта көтеріп жүре алмаймын.
Салтанат Нұрқанова:
— Су төртінші қабатқа көтерілмейді. Көтерілсе, бір сәтте тауысылады. «Міне, қысым бердік, сол жерден құйып алыңыз» дейді. Ол жерден сыздықтап тұрады, үшінші қабатта да солай. Біздің үйде бір тамшы да су жоқ. Осы мәселемен қайнап-қайнап келдік. Енді алды да, бізді Аралға апарып қосты. Ол жерде насос күйіп кетсе, біз бәрін сотқа береміз, дейді. Ол жақтың да тұрғындары қазір қиналып жатыр.
Сондықтан мұндағылар орталық су құбыры желісіне қосылуды аңсайды. Ал жауаптылардың үнемі айтатын сылтауы бір – құбыр ескірген. Ал оны жаңартуды көктемнен бастап қолға алмақшы.
Сәуле Түркібаева, Байкент ауылы су шаруашылығы кооперативінің төрайымы:
— Біз жергілікті әкімдікке құбыр ауыстыруға бюджеттен қаржы бөлінсін деген өтініш бердік. Ол құжатты біздің әкім ары қарай ауданға өткізеді. Енді күтуден басқа амал жоқ. Көктемде орталық және аула ішіндегі желіні өзгертуге кірісеміз. Күрделі жұмыс басталса, бір айдың ішінде бітіреміз деген жоспар бар. Ал қазір лас су кейбір пәтерге қысым көтерілгендіктен барады.
Жұрттың жиналып жатқанын естіген ауыл әкімі де дереу жетті. Жетіп қана қоймай, уәдені де үйіп-төкті. Жылдар бойы шешілмей келген мәселені әкім енді «бір күнде реттеймін» деп отыр.
Асхат Қалиев, Байкент ауыл округінің әкімі:
— Бүгін Арал ықшамауданына жаңа су құбыры, су ұңғымасына қосымша насос қойылып жатыр. Бүгін аяқталады. Жеке бір насос үшінші ықшамауданға су жіберіп тұрады, бір насос Арал ықшамауданына жіберіп отырады. Сол кезде жағдай тұрақталады.
12 мың тұрғыны бар ауыл әкімі 1 наурыздан бастап үйлер орталық су желісіне қосылады деп сендірді. Мұның да кезекті уәде екенін іштей сезсе де, су тапшылығын тартқан жұрттың күтуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!