Салық органдары блогерлерге 1 млрд теңгеге дейін түбіртек жіберді
Қазақстандық блогерлердің басына қара бұлт үйірілді. Салық органдары әлеуметтік желі белсенділеріне бұрын-соңды болмаған сомада, бас-басына 1 миллиард теңгеге дейін салық есептеп, түбіртек жөнелтті. Бір жарнама посты үшін біреудің бес айлығын сұрайтын блогерлер абдырап, енді жан-жақтан үн қатып жатыр.
Автор: Дастан Қуандық
18.02.2025
Әлішер Елікбаев, блогер:
— Маған да солай ұшып келді ғой. 5 млн, енді ол көп емес. 5 миллионнан мен 500 мың - 600 мың теңге салық төлеу керекпін, иә?! Бірақ оны маған көрсетіңдер. Қалай санадыңдар? Неменені санадыңдар? Мен мамама ақша жіберем, мен папама ай сайын ақша жіберем сендер соны да санадыңдар. Өз депозитімнен өз шотыма ақша аударғанға, сендер соны да санадыңдар ғой деп ойлаймын. Соны маған көрсетіңдер, қалай санадыңдар. Cосын отырып сөйлесейік.
Өзін PR мен коммуникация маманы ретінде таныстыратын Елікбаевтың айтуынша, блогер таныстарының біріне 300 млн теңгенің салығы кепті. Енді салық органдарынан осындай хат алған 8 мың цифрлық контент авторлары не істеу керек деп отыр. Көбісі жеке табыстан бөлек, арасында қайырымдылыққа жинаған ақша да бар деп азар да безер.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстанда салық органдары мобильді аударымдар мен азаматтар кірісін қатаң бақылауға ала бастады. Енді банктер барлық картасындағы қаржы айналымы туралы мәліметті ұсынуға міндетті.
Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР ҚМ Кірістер комитетінің басқарма сарапшысы:
— Түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметті жеке тұлғаның декларациясымен салыстыру нәтижесінде 594 тұлғадан, жалпы көлемі 53,3 млрд теңге ауытқу санақталды. Нәтижесінде ақпан айының 13-14 жұлдызында салық төлеушілерге хабарламалар жөнелтілді. Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отыра, қосымша салық есептілігін тапсыру, не болмаса хабарламамен келіспеген жағдайда түсінік беру қажет. Хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!