Алматыда автобөлшектер мен медициналық тауар сақталған қойма өртенді
Алматыда тағы бір қойма отқа оранды. Үш мың шаршы метрді шарпыған жалынды төтеншеліктер бір жарым сағаттың ішінде оқшаулады. Қойманың қасындағы ғимараттарда отырған жұмысшылар будақтаған қара түтінді көргенде қатты шошыған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.
Автор: Шапағат Мырзабекова
19.02.2025
Дәурен Ахаев, оқиға куәгері:
— Қорқынышты. Біз сегізден кете жұмысқа келгенімізде, мына жерде қара түтін, күл, бәрі кеңсенің алдын басып қалды. Машиналардың бәрін күл басты, тазалап жатырмыз. Жолдарды жауып тастады.
Аумағы жеті жарым мың шаршы метрді құрайтын нысанда автобөлшектер мен медициналық тауар сақталған екен. Соның тең жартысы жанып кетті. Тілсіз жау көршілес орналасқан әкімшілік ғимараттың шатырын да жалмаған. Төтеншеліктер бар күшін салып, өрттің одан әрі жайылуына жол бермепті. Алапат өрттің неден тұтанғанын анықтап жатыр. Шығын көлемі де есептелуде.
Абай Асылбаев, Әуезов ауданы ТЖБ бастығы:
— Бес минутта алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі келген кезде қойманың ашық жанып жатқаны анықталды. Қасындасы ғимараттың шатырына көшуі қаупі төнді. Сағат онда өрт оқшауланды. Өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Материалдық шығын да есептеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!