Қылмыстық іс: Ақтөбе облысында балалар кептірілген шаяннан уланып қалған
Ақтөбе облысында балалардың жаппай шаян таяқшаларынан улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қобда ауданында бүтін бір сынып оқушылары қораптағы қытай тамағының иісінен ұшынып қалған. Қазір тоғыз бала ауруханада жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.02.2025
Дәрігерлер олардың жағдайы жақсарды деп отыр. Ал шаян қораптағы таяқшаларын сатқан дүкен жабық тұр. Тергеушілер тауардың қалай сақталғаны және қайдан әкелгенін анықтап жатыр.
Қытай тамағынан уланған қобдалық оқушылардың беті бері қарады. Қазір тоғыз бала ауруханада жатыр. Басында бүтін бір сыныптың 23 оқушысын осында жеткізген. Төрт баланы ата-анасы қолхатпен алып кетсе, он жасөспірімнің ішін шайып, дәрі берген соң үйіне қайтарған. Дәрігерлер оқушылар астан емес, қораптағы кептірілген шаян иісінен ұшынды деп отыр. Себебі дәмін татқан жетеуден бөлек, сыныпта болғандарының да басы айналып, тұншыға бастаған.
Әлия Пернебекова, Қобда ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
— Бастапқы болжамда диагноз тамақтан улану деп қойдық. Үш күн бақылағаннан кейін, анализдері теріс шығып, иісінен улану деп нақты диагноз қойып отырмыз. Ең бастысы — жүрегі айныған, қолына бөрітпе шыққан. Осы екі белгі. Сосын бір-екі баланың көзі жасаураған. Осы үш белгі нақты болды.
Қытайдың кептірілген шаян таяқшасын он жасар қыз ауылда дүкеннен сатып алыпты. Оны сыныптастарымен бөліп жемек болған. Қытырлақ қорапшаны ашқан бойда біраз баланың басы айналып, ауыз тигені сол бойда иісінен жиіркеніп түкіріп тастаған.
Евгения Вагнер:
— Сол күні қызым тәтті аламын деп ақша сұрап алған. Мектепке барарда 60-80 теңге тұратын, соя қосылған шаян таяқшасын алыпты. Оны кластастарымен бірге жеген. Уланып қалып у-шу болдық. Мұғалімдері дереу дәрігер шақырып, балам қазір ауруханада жатыр. Жағдайы жақсы. Қызым «екі рет қана тістедім» дейді. Қасындағы құрбылары тістеген бойда түкіріп тастаған.
Қауіпті шаян таяқшаларының қораптағы суретін Қобда ауылындағы мектептің кіреберіс дәлізіне іліп қойыпты. Ескерту ретінде осылай істедік дейді мұғалімдер. Ал сол қытайдың сапасыз тағамын сатқан дүкен қазір жабық тұр. Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, тергеуге кіріскен. Тауардың қайдан шыққанынан бастап, қалай сақталғанына дейін тексермек.
Арман Қабылов, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:
— Әкімдік те алаңдап отыр. Дүкенге қатысты іс қозғалып, полиция бөлімінде тіркелді. Бүгін балалардың жағдайымен танысып, аурухананың инфекция бөлімінде болдым. Балалардың жағдайы тұрақты.
Кептірілген шаян таяқшаларынан уланған оқушылардың сыныбы түгел сабаққа келген жоқ. Сыныптарында дезинфекция жүріп жатыр. Мектеп басшылығы осындағы 400 оқушының ата-анасын шақырып алып, дүкеннен баласына тамақ алып бергенде сақ болуды өтінді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары