Ақтөбе облысында үш күн бойы қарлы боран қарбаласқа түсірді
Ақтөбе облысында үш күн бойы ұйытқыған бораннан көшені қардан тазартып үлгермей жатыр. Кейбір ауылда тұрғындар үйден шыға алмай қалған. Коммуналдық мекеме жұмысшыларынан бөлек, құтқарушыларға тыным болмады. Олар шалғай ауылда толғағы қысқан келіншекті жолай босандырып, жоғалып кеткен үш малшыны аман-есен тапқан.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.02.2025
Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылының тұрғындары үйінен шыға алмай отыр. Төрт күн қатарынан төтеп соққан бораннан жолдарды қар басып қалған. Көше тазартуға мердігердің күші жетпей жатыр деп налиды жергілікті жұрт.
Баймұрат Әлжанов:
— Бүгін жұмыс күні, жұмысқа шыға алмай тұрмын. Көлігім тұр үйде. Мына қардан қалай шығамын? Адам үй жаққа шыға алмайды. Қырғын көрші бар. Айқай шу болып жатыр. Бүкіл Маржанбұлақ шулап отыр.
Жаңа жылдан бастап тендер ұтқан компания боранды күні кезекшілік қоюға басын ауыртпаған. Жұрт соның кесірінен ауыл арасында жүруден қалдық деп ашынады.
Абатжан Омарғалиев:
— Үш-төрт күн боран, халықтың жанайқайы. Үлкен адамдар бар, мектепке баратын балалар бар. Бәрі үйден шыға алмай отыр. Түнімен кезекшілік болмай ма? Күнде боран болып жатқан жоқ. Ал енді он күн боран болса ше?! Осыны ұйымдастыратын адамдар қайда?
Алға ауданының әкімдігі Маржанбұлақ ауылының ішкі жолын күтіп ұстауға мердігерге жылына 63 миллион теңге беретінін айтады. Ең алдымен негізгі көшелерді тазартып, одан соң кезекпен, басқаларының қарын аршиды деп отыр.
Айналдырған үш күнде Ақтөбе өңіріне жылдағыдан үш есе артық қар жауған. Облыс орталығын да тазартып үлгермей жатыр. Ең алдымен көлік қатынасы үшін жолды аршып, одан соң ғана қарды сыртқа шығаруға кіріседі.
Әділбек Ахмет, Ақтөбе ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
— Үш күн боран болған. Синоптиктер бір айда 15 миллиметр қар күтіледі деген, бірақ 45 мм қар жауды. Осыған байланысты екі аусымда мердігер мекемелер қызмет атқаруда. Қазір толық, ең бірінші кезекте жол кеңейтіледі. Одан кейін қар шығарылады.
Боранды күні құтқарушыларға тыным болған жоқ. Жолда қар құрсауында қалған жүзден аса адам құтқарылған. Жоғалып кеткен үш малшы мен екі балықшы аман-есен табылды. Толғағы қысқан келіншекті жолай босандырып, Мәртөк ауданынан науқас баланы шұғыл жүз шақырым жердегі ауруханаға арнайы көлікпен жеткізген.
Асылан Арзымбетов, Ақтөбе облысы ТЖД басқарма бастығы:
— Ойыл ауданы Көсембай ауылында толғағы келген әйелді жеткіздік. Оны Ойыл ауданы Саралжын ауылында босандырып, баласымен бірге Ойыл ауданына жеткіздік. Мәртөк ауданында науқас баланы орталық ауруханаға дейін 100 шақырым жол жүріп апардық.
Синоптиктер алдағы күндері тағы да қар жауатынын айтады. Ақпанның соңғы екі күнінде ұйытқып боран соғады деп болжап отыр. Одан соң күн күрт жылынады. Енді тұрғындар толассыз жауған қардан соң тасқын бола ма деп қауіптенеді. Сондықтан қарды сыртқа шығаруды жеделдетсін деген талабы бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!