Жеделсатыда баланың бетін тілгілеген жасөспірімге қатысты тың дерек
Елордада бес жасар балаға тап беріп бетін тілгілеген жасөспірімге қатысты тың деректер белгілі болды. Қалалық психоневрологиялық диспансерге жатқызылған балаға сол жақтағы санитар қол көтеріп зәбір көрсеткен. Болған жағдайды бірден анасына хабарласып айтқан деп мәлімдеді елордадағы ерекше балалардың ата-аналары одағының төрайымы.
Автор: Айжан Шамшидин
26.02.2025
Гүлсан Мауина, Астана қаласы, ерекше балалардың ата-аналары одағының төрайымы:
— Дәрігерлер қорытындысы бойынша шизофрениямен ауыратын баланы емделіп жатқан жерінен санитар ұрып тастады деген ақпаратты біз анасының сөзіне сүйеніп айтып отырмыз. Баланың айтуынша, медициналық қызметкер бір емес, қатарынан екі рет қол жұмсаған. Қазір сот-медициналық сарапатама тағайындауды талап етіп отырмыз.
Анасына айтылған шағымнан кейін психдиспансерге бірден полиция келіп, баланың үсті-басын тексерген. «Қол жұмсады» деген санитарды да сұрақтың астына алыпты. Ересектер бөліміне жайғастырылған жасөспірім санитардың оны бейнебақылау камерасы жоқ палатаға апарып ұрып-соққанын баяндаған. "Оңашада ауыр сөздер айтып, кітаппен жайпап түсірді" деп түсінік беріпті. Ақ халаттылар мен тәртіп сақшыларының тексерісінің нәтижесінде баланың денесінің көгермегені белгілі болып, қандай да бір ауыр соққы тимегені анықталған.
Алмагүл Айтжанова, Астана қаласы, психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:
— Денесінде жарақат жоқ. Көгермеген, ұрып-соққан белгі білінбеген. Соны барлығын 102-нің қызметкерлерімен қосылып бірге жасалған. Бірлесе келе, зақым келді деген шешім болмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары