Мәжілісте Астана халқының санын шектеу мәселесі айтылды
Қуықтай пәтерге 800 адамға дейін тіркеген. Астанаға арман қуып келгендерді осылай тіркеуден өткізіп, ақшасын сыпырып алғандардың алды заң алдында жауап беріп жатыр. Бас қалада қазір халық саны бір жарым миллионнан асып кеткен. Ірі қалалардағы көші-қон жайын талқылаған Мәжілістегі бүгінгі жиында Астана халқының санын шектеу мәселесі айтылды. Өйтпеске амал жоқ деп отыр, Үкімет мүшелері де, депутаттар да. Себебі — бас қаланың инфрақұрылымы 3-4 миллион халық нөпіріне дайын емес.
Автор: Айжан Шамшидин
05.03.2025
Бүгінде қалың қарашаның жасы да, жасамысы да ірі қалада тұруға асығады. Үріп ішіп, шайқап төкпесе де, бірқалпы тіршілік кешіп жүргендер шаһардан өз орнын тапқысы келеді. Бір Астананың өзінде халық саны миллионнан асып кеткелі қашан. Миграциялық дүмпуді өз пайдасына асырған пысықайлар болса, пәтерге тіркеуді қып-қызыл бинеске айналған.
Әкімдік бір пәтерде 800 адамның бір мезгілде тіркелген дерегін жуырда әшкере етті. Мұндай 924 мекенжайдың бүгін қожайындарымен әңгіме басқаша өрбіген. Енді олар осы тірлігі үшін заң алдында жауап береді. Бүгін ірі қалалардағы көші-қон процесін реттеуге қатысты заңды қараған депутаттар да әу бастан-ақ Астананың бас жоспарын сызған жапон сәулетшісінің қателескенін айтып отыр.
Жигули Дайрабаев, Мәжіліс депутаты
— Азаматтар бір үйге 800-ден бекерден_бекер кіріп жатқан жоқ, жағдайы болмағаннан кейін. Сондықтан болашақта 2 миллион қала бола ма, жоқ 3 миллиондық қала бола ма, қаланы жоспарларлауда алдын ала болжам болатын шығар. Астананың қалай салынғанын білеміз. Жапон архитекторлары айтты ғой, мына теңіз бен мұхиттың ортасында қала салып үйренген. Біз енді, Құдайға шүкір, Сарыарқаның төріндеміз.
Қаласақ та, қаламасақ та, қала миграциясын реттеу мақсатында Астананың кіреберісіне алдағы уақытта құлып салынуы бек мүмкін. Олай етпеген жағдайда, елордалықтардың жазда ауызсудан тарығып, қыста көмір ысына тұншыққаны тұншыққан.
Тар көшелер жайына тоқталған вице-премьер Серік Жұманғарин, біздің елдің жолдарын Еуропамен салыстырып өтті. Өзге елде де сол жол, тек халқы қоғамдық көлікпен жүреді.
Серік Жұманғарин, ҚР премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
— Шамалы шектеу керек, адам санын, миграцияны. Басқа өңірлерге жіберу керек. Ол үшін жұмыс орындарын ашу керек. Мекемелер, үлкен ірі бизнесті. Енді мына жол туралы. Бір концепция бар — қаншалықты жолды кеңейтсең, соншалықты көлік те көбейеді.
2018 жылдан бері халықтың қалтасына қол сұғып, қит етсе болды, айыппұл өндіруге құмбыл ақылы автотұрақ жыры да Астанада шешілуге жақын. Қала атқамінерлерінің мәліметінше, жалпы идеяның басы-қасында жүрген жауапты компаниямен қазір келісімшарт бұзылып, барлық автотұрақ шаһар меншігіне өткен. Әзірге әлеуметтік нысандардың қасындағы тұрақтар да тегін.
Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс депутаты:
— Мемлекет халықтан, яки жердің иесімен ақылдаспай-ақ, 2018 жылдан бері қалада ақылы автотұрақтар құрды және оны жекеменшік компанияларға беріп тастады. Мәселен, соңғы мәліметті айтайын, 2021-2023 жылдары ақылы автотұрақтарға астаналықтар 726 миллион теңге төлесе, соның 617 миллионы жекеменшік компанияның қалтасына кетті. Яки бюджеттен тыс кетті деген сөз.
Паркоматы бар, басқа да асай-мүсейін жекенің қолынан алған соң, қала әкімдігі ақы толық мемлекеттің қамбасына түседі деп отыр.
Депутаттар қазақстандықтарға тұрғын үйін міндетті сақтандыруды да ұсынды. Себебі бюджет қаражатының шектеулі екенін ескерсек, мемлекет жылда табиғи апаттан зардап шеккен үйдерді қалпына келтіре алмайды. Әзірге бұл шетелдегі қалыпты тәжірибе талқылау үстінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!