Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВ
- Telegram
«Миллиардтар бөлінсе де ...». Ұзынағаш ауылын тағы нәжіс суы басты
Миллиардтар бөлінсе де, бір ғана ауылдың кәріз жүйесін реттей алмай отыр. Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылын тағы нәжіс суы басты. Бүгін таңда кәріз қалдығы құйылатын тоған тасып, 20 шақты үйдің ауласын лас су батты. Жыл сайын қайталанатын мәселені жергілікті әкімдік шешуге асығар емес дейді жұрт.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
06.03.2025
Былтыр ғана «7 миллиард бөлінді, екі жылда кәріз жүйесін реттейміз» дегені — бос әңгіме деп, ел ашулы. Жобаны аяқтауды тағы бір жылға созған. «Шенеуніктердің кесірінен сасық суға батып отырмыз» деген ауыл халқының жанайқайын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Ұзынағаш ауылының айналасына 40 шақты шұңқыр қазылған. Жергілікті билік әр үйден аққан нәжіс суын осы жерге төгеді. Сасық су жаз бойы жиналып, қыста қатады. Көктемде күн шыққан кезде еріп, сыртына қарай тасиды. Ауылдағы жылда қайталанатын мәселе де осы.
Кәріз қалдығы құйылатын бұл тоғандар айдалада болса бір жөн. Дәл ауылдың төбесінен қазылғаны қынжылтады. Тасыған сасық су, осылайша көшені жайлап, кейін үй-үйдің ауласына қарай кірген.
Есенгүл Тілеу:
— Жарылған. Содан таңертең тоғызда үйге су келді. Цехтің ішінде жиһаздар тұрған, енді ол іске жарамайды. Жолдасым әскерилермен қоқысқа тастауға тиеп алып кетті. Біздің бастап жатқан кәсібіміз болған.
Тасыған нәжіс суының кесірінен бірі кәсібінен айырылса, өзгелері үйіміз құлап қала ма деп үрейленіп отыр. Ауыл халқының бұлай шырылдап жүргені алғаш рет емес. Шенеуніктерге жылда айтылатын шағым, бірақ, ешкім құлақ аспай отыр.
Есімхан Есепбайұлы:
— Ұзынағаштиың бәрі осы иісті иіскейді. Көктем болды, Ұзынағаштың базарына сасық иіс бір-ақ барады. Дәретхана иісі. Былтыр мына жерде үш үңгір қазды. Көктемде қойлар түсіп кетсе, өледі. Оған кім жауап бермек? Адамға жауап бермей тұрған оларға бәрібір ғой.
Асылбек Мәуітхан:
— Осыны басқа жерге ауыстырсын деп отырмыз. Былтыр 8 миллиард ақша келді деп айтқан. Содан кейін 3 миллиард ақша келді деді. 23 миллиардқа үш көлшік қазды. Енді сондай кезде құбыр салып, алысқа ағызып жіберуіне болады ғой!
Толып, тасып жатқан нәжіс суымен қазір төтеншеліктер айналысып жатыр. Қаптарды қойып, бітейтін жерді бітеп, артық суды құрал-сайманмен сыртқа ағызып жатыр. Алдын алуға болмас па еді десек, «әкімдікке ескерткенбіз» дейді.
Дархан Өмірәлиев, Алматы облысы ТЖД ТЖЖБ бастығының міндетін атқарушы:
— Бізде, департаментте төтенше жағдайдың алдын алу деген басқарма бар. Сол қызметкерлер жергілікті атқарушы органдарға тиісті ақпаратты, қағаз жолдаған. Біздің міндетіміз — алдын ала айтып, жергілікті атқарушы органға тиісті жұмысты атқаруға ықпал ету. Ал олар, өздеріңіз көріп тұрғандай, айта алмаймын ғой, атқарып жатыр ма, жоқ па ...
Кемшілікті айта алмаса да, халықтың көзі көріп тұр. Бірақ ауыл түгілі, ауданның ақ жағалылары да мойындамайды. «Аулаға аққан су — таза» деп, айды аспаннан бір-ақ шығарды.
Ақниет Тұматаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
— Қазір жобаларға кейбір өзгеріс енгізілуіне байланысты 2027 жылға қарай өзгеруі мүмкін. Өйткені сүзгі станциялары бар. Алаңдарды басқа жерге орналастыруға байланысты жобаға түзету жасалу күтілуде.
— 2027 жылға дейін халық не істейді? Батпаққа батып отыра ма?
— Жоқ, нәжіске бірінші рет батып отыр. Бұл нәжіс емес, бұл таза судың шамадан тыс ағып кету.
Қысқасы, әкімдіктегілер кінәні өзінен емес, табиғаттан көреді. Тоғанның тасуын, қардың ерігенінен, халықтың көбеюімен байланыстырып отыр. Дегенмен кәріз жүйесіндегі мәселені екі жылдың ішінде шешуге уәде етті. Бастысы, қазір қардың көбесі сөгілген уақытта жағдай ушығып кетпесе болғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВ
- Telegram