«Үйтіп-бүйтіп»: Мешіттегі массаж. Асар баспананың асаған миллиардтары
Әлеуметтік желінің трендінен түспеген, көп талқыға түскен тақырыптар тізбегін КТК журналисі Асқарбек Қазанғап тарқатады. «Үйтіп-бүйтіп» айдары!
Автор: Асқарбек Қазанғап
14.03.2025
Мешіттегі массаж. Асар баспананың асаған миллиардтары. Қазақстан әнұраны Малайзия әуежайында шырқала ма? Үйтіп-бүйтіп уақытыңызды қисаңыз, осы аптада желіні шулатқан жаңалықтарды жіліктейік!
Мешіт — массаж салоны ма? Дәл осындай хейт сұрақ қауға тиген оттай қаптап кетті. Әбужаппар Смановтың аяғын сипап, уқалаған видео желіде мегабайт ілеспес жылдамдықпен тарады.
— «Талтайып отыр» деп, онлайн тас лақтырғандар балаларға бұтын уқалату қай сасқаны деп, біраз бұлқан-талқан болды. Жұмақ имамның аяғының астында ма деп кекеткендер де табылды. Көп уақыт өтпей, бұл жағдайдың ақ-қарасы анықталды. Аяғын уқалаған балалар — өзгенің емес, өз немерелері екен. Байыбына бармай, байбалам салуды сәл тиямыз ау, ә?
— Көп тыраштанбай, үйтіп-бүйтіп байып кетуге сенетіндер сирей ме? Қанша ауыз күйіп жатса да, алданатын адамдар азаяр емес. 86 мың салымшыны сан соқтырған қаржы пирамидасының құрылтайшылары ұсталды. «Асар баспана» кооперативі 4 миллиард теңге асаған.
— Пысықайлар «құйған ақшаңды ай сайын 30 пайыз үстемемен аласың» деп алдаған. «Алматыда медициналық техника, тұрмыстық тауар шығаратын зауыт, тігін цехымыз бар» деп көкіген. Ал шынтуайтында түгі жоқ боп шыққан.
Пирамиданың бастауында тұрған Туғанбаев түскен ақшаны жастығының астына жинай берген сыңайлы. Өйткені оның үйін тінткен кезде тыққан-пыққан бір миллиард теңге шыққан. Оған қоса премиум санаттағы он көлігі тәркіленді. Енді шайнамай асаған ақшаны кесекпен құсуға тура келеді.
— Әлеужеліде жағымды жаңалық та жетерлік. Мәселен, біздің әнұранды Малайзияда әуежай қызметкері шырқағанын көріп, қаттым да қалдым.
— Біздегі легионерлердің тілі сынбайды деген әңгімені енді айтпаңыз. Қазақ тілін үйренем дегенге қауырсындай жеп-жеңіл. Сылтау іздегенге қорғасындай ап-ауыр. Малай азаматы соған анық мысал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!