Атырау облысы: Ойыл мен Жем өзендеріне қызыл су құйылып жатыр
Атырау облысы да су тасқынына қызу дайындалып жатыр. Биыл әсіресе Жем өзенінен қауіп көп. Өйткені Ойыл мен Жемге қызыл су қазірден құйылып жатыр.
Автор: Жанат Молдашова
18.03.2025
Өңірде күн күрт жылынып, қар көбесі сөгіле бастаған. Оған қоса көршілес Ақтөбе облысынан да келіп жатқан су көлемі белгісіз. Сондықтан мамандар, екі өзенге су көлемін автоматты түрде анықтайтын гидробекеттер орнатпақшы.
Жайық өзенінен әзірге қауіп жоқ. Жақында атыраулық шенеуніктер Орынбор қаласындағы Ирекли су қоймасына барып, көрші елдің мамандарымен ақпарат алмасып келген. «Росгидрометпен» бірге құрастырған гидрология болжамына сәйкес, биыл Жайық өзенінің Атырау қаласындағы гидробекетінде су деңгейі 430-490 сантиметрден аспайды. Ал былтыр Жайықтағы ең жоғарғы су деңгейі 600 сантиметрді құраған.
Нұрлан Жантоқов, Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты паайдалану, реттеу басқармасының басшысы:
— Ең бірінші сұрақ Иреклидегі су мөлшерін анықтау болды. Мамандардың айтуынша, ол жердегі судың көлемі 3 млрд текше метрден артық су сақтайтын қойма, соның ішінде қазір 2 млрд 200-дей су бар. Бізге жіберіп тұрғаны секундына 200 текше метр су жіберіп тұр. Негізі өз мамандарының айтуынша, бұрынғыдай қатты су келу қаупі жоқ дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!