Ақтөбе облысына тасқынның алдын алуға әскерилер келіп жатыр
Ақтөбе облысына тасқынның алдын алуға әскерилер келіп жатыр. Олар көпір салуға жәрдемдесіп, арналарды бекітумен айналысады. Себебі өңірде бірнеше жолды су шайып, ауылдармен қатынас үзілді. Тіпті республикалық трассалардың бірінде көлік жүруге тыйым салынды. Өңірде күн өткен сайын тасқын қаупі күшейіп барады. Осыған орай құтқарушылардың да жұмысы қауырт.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.03.2025
Былтырғы тасқында Ойылдағы үлкен көпір бұзылғанда Қонаев қаласындағы әскери бөлімдегілер паром өткелін жеткізген еді. Оны тұрғындар біразға дейін пайдаланды. Енді тағы сондағы әскерилер уақытша көпір салуға, тұрғындарды екі жағалауға тасуға келе жатыр. Өзімен бірге автомобиль-понтон көпір сегменттері бар көлік, суда жүзетін транспортер және КамАЗ, КрАЗ базасында екі сүйреткіш-моторлы қайық ала шыққан.
Қызылорда облысынан жеткен отыз құтқарушыны Ырғыз ауданына кезекшілікке қойса, Ұзынағаштағы әскери бөлімнен келген сарбаздар Хромтау мен Қобда аудандарында құм қаптап көмектесіп жатыр. Төрт күн бұрын су шайған Ойылдағы өткелді бірер күнде қайта қалпына келтіріп береміз деп уәде етеді шенеуніктер. Аймақ басшысы Асхат Шахаровтың өзі де Ойылға барды. Құрылысты қадағалап, тапсырма да берген. Осы аудандағы көлік қатынасы үзілген тағы төрт ауылдың қашанғы аралда отырғандай күй кешері белгісіз.
Нұржау Тұрғамбеков, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:
— Су басқан алаң бормен, топырақпен төселді. Бүгіннен бастап сол құрылыстың үш жеріне бағана қойылып, жол қатынасы қамтылады. Құбасай, Қарой, Ақшатау, Қарасу ауылдарында жол қатынасының автомобиль жолдарын су басып, жол қатынасы үзілген болатын. Бірақ ауылдардың қазіргі жағдайы тұрақты. Азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтылған.
Мұғалжар ауданы үстінен өтетін республикалық автотрасса қазір жабық. Мұндағы көпірді де су басып қалған. Көлік қозғалысын шектемесек, көліктер ағысқа кетіп қалар деп қауіптенеді.
Дархан Ермағанбетов, Мұғалжар ауданының әкімі:
— Ембі қаласынан Ақтөбе қаласы бағытындағы Жем өзенінің көпірі, уақытша өткелі су басуына байланысты тоқтатылып тұр. Бірақ «Қазавтожол» мекемесімен барлық материал, инертті материалдар, құбырлары дайын тұр. Су деңгейі түскен бойда қалпына келтіріледі. Техникалар бәрі күзетте.
Темір ауданы аумағындағы Ақтөбе мен Шұбарқұдық арасындағы жолдың бір бөлігін су шайған еді. Су деңейі түскен соң топырақ төсеп, көлік қатынасына рұқсат берілді.
Ақтөбе қаласындағы Тамды мен Жеңішке өзендері көтеріліп, түні бойы тұрғындарды үрейлендірді. Қала шетіндегі төменгі Қурайлы ауылындағы өткелді бұзуға тура келді. Себебі су арнаға сыймай, үйлерді су басу қауіпі болды. Өткел былтыр ғана жаңадан салынған-ды. Бірақ жобасын сызарда су ағарын тарылтып қате жіберген. Соның салдарынан өзен жағалауындағы бірнеше үйдің ауласын су басты. Кейбірінің жаз сарайындағы дүниесі іске жарамай қалған.
Гүлбану Мырхина, Қурайлы ауылының тұрғыны:
— Жарты сағаттың ішінде осы жердің бәрі суға толып кетті. Мына жерде су табалдырыққа тиіп тұр. Екінші табалдырық суда тұрды. Содан жазғы ас сүйімде азық сақтаймын. Жақында жолдасым қайтты. Сенбіде жүзін берейін деп тұрмын, соған әкеліп қойған азық-түлігім бар еді.
Қурайлы ауылындағы ауласын су басқандарды енді комиссия аралап қарайды. Ал бұзылған өткелді былтыр құрылыс жүргізген мердігер қайта қалпына келтіреді. Себебі кепіл мерзімі аяқталмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!