Қарағанды облысы: Түрмеде киім тіктіруге бөлінген 449 млн таран-таражға салынған
Түрмеден теңге жасаған. Қарағанды облысында қылмыстық атқару жүйесіне қарасты «Еңбек» филалының бұрынғы басшылары қамауға алынды. Олар түрмедегілерге киім-кешек тіктіруге бюджеттен бөлінген 449 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
19.03.2025
Ұсталғандардың екеуі де осы мекеменің бұрынғы бастығы екен. Олар жымысқы әрекетін 2021 мен 2023 жылдар аралығында жасаған. Қылмыстық әрекетті бірі бастаса, екіншісі аяғына жеткізген сияқты.
Киім және аяқ киім өндірісіне арналған былғары және трикотаж шикізатын алуға 449 миллион теңге бөлінеді. Оған филиал «бір көзден сатып алу» әдісімен 23 келісімшарт жасаған. Алайда тауарлар жеткізілмеген. Өйткені төрт жеке кәсіпкердің атынан киім және аяқ киім тігуге арналған тауар жеткізу туралы жалған келісім жасалады. Аталған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 122 млн теңге қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:
— Қылмыстық жолмен алынған табысқа Алматы қаласынан жеке үй мен BMW X6 автокөлігі сатып алынған, оны тәркілеуден жасыру үшін сенімді тұлғаларға ресімдеген. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды. Күдіктілер екі айға қамауға алынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!