Мәжіліс президент реформасын қолдайтын арнайы қарар қабылдады
Мәжіліс президент реформасын қолдайтын арнайы қарар қабылдады. Оның мақсаты — еліміздің қоғамдық-саяси күштерін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтасуға үндеу. Әділетті Қазақстан құру идеясы да құжатта көрініс тапқан.
Автор: Айжан Шамшидин
19.03.2025
Депутаттар алдында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов соңғы үш жылда билік тармақтарының түгел жаңарғанын атап өтті. Парламентте де заң шығару сипаты өзгерген. Яғни бұған дейін қабылданып жатқан заң нормаларының басым бөлігі Үкіметтің мұрындық болуымен Мәжіліс пен Сенатта қаралса, қазір басқаша.
Президенттің қол қоюына жіберілетін заңдарға көбіне мәжілісмендер бастамашы болып жүр. Қошанов, өз кезегінде, мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасын енгізгенін атап өтті. Бұл болашақта биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін заңды тетік болады.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
— Біз қазір мүлде жаңа өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сол тарихи үдерістердің куәгері, әрі қатысушысы бола тұра, оның мән-маңызын терең сезіне бермейміз. Оны үйреншікті күнделікті жағдай сияқты көреміз. Ал шын мәнінде тарихи оқиғаларға өз кезеңінде лайықты баға берілуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!