Жемқорлық туралы хабарлаған 104 адамға 35 млн 500 мың теңге төленген
Жемқорлық туралы хабарлап миллиондаған сыйақы алған. Антикор былтыр бармақ басты, көз қыстының жолын кескен 104 адамға 35 миллион 500 мың теңге төлепті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
19.03.2025
Жемқорлық туралы ең көп ақпарат берген — Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары. Былтыр, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы ауызбастырық алу дерегі туралы хабарлаған адам көп болған. Қылмыстың жолын кескендерге берілетін сыйақы параның 10 пайызын құрайды. Алайда 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Яғни жемқорлықпен күресу арқылы 15 миллион 700 мың теңгеге дейін алуға болады.
Айта кетерлігі, антикор мұндай ақпарат бергендердің толық құпия болғанын қамтамасыз етеді.
Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
— 2024 жылы Шымкент қаласында 6 миллион теңге, яғни пара сомасының 10 пайызына екі азаматтың қылмыстық іс-әрекеттерінің жолын кесуге көмектескені үшін бір азамат сыйақы алды. Астана қаласы бойынша департамент 3 миллион теңге сомасында полиция қызметкерлеріне пара беруге итермелеген екі азаматқа қатысты сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін тағы бір азамат сыйақы алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!