Сегіз өңірде тасқын қаупі жоғары — қызыл аймақта тұр
Көктемгі тасқын қаупі күшейе түсті. Ақмола облысында қырдан аққан қызыл су көпірді шайып кетті. Қазір екі жарым мың тұрғыны бар Шағалалы ауылымен қатынас үзілген. Ал солтүстік өңірде еріген қар суы жаңа салынған ықшамауданды басып қалды. Абай облысында да 45 елдімекен су астында қалуы мүмкін. Әсіресе қалың қар жауған Үржар ауданындағы жағдай қиын. Бұл өңірге әскерилер жұмылдырылып, қар шығарып, арықтарды тазалап жатыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
19.03.2025
Ақмола облысында қырдан аққан қызыл су Шағалалы ауылының тұрғындарын шырғалаңға салуда. Қазір елдімекендегі екі жарым мың тұрғын қатынассыз қалды. Себебі ауылдағы жалғыз көпірді су шайып кеткен. Былтыр дәл осы уақытта бұл көпір қарғын суға шыдас бермеген еді. Енді аралда қалғандай күй кешкен жұрт жыл сайын қазынаның қыруар қаржысын суға ағызатын шенеуніктерге қайран қалып отыр.
Айтжан Құдабаев, Шағалалы ауылының тұрғыны:
— Биыл бірінші жыл емес. Былтыр дәл осылай көпірімізді жұлып кеткен. Сонда қатты сөздер болғанан кейін, осы көпірді жазды күні келіп салды. Салып жатқан кезде жергілікті үлкендер келіп, біраз сауал салдық. Мына жер осал болады-ау, дедік. Олар айтты, бізге берген жобамен жасаймыз деп, біздің сөзімізге құлақ асқан жоқ.
Ал Петропавлда еріген қар суы жаңа салынған Бірлік ықшамауданын басып қалды. Мұндағы баспаналар былтыр тасқыннан зардап шеккен жұртқа берілген. Тәуілік бойы жанталасқан құтқарушылар төрт күннен бері судан тазартып біте алмай жатыр. Негізі күш елді мекендегі балабақшаны қызыл судан сақтап қалуға жұмылдырылған.
Ержан Шәріпов, Петропавл ТЖБ бастығы:
— «Бірлік» шағынауданында су тасқынына қарсы штаб ашылды. Төтенше жағдай департаментінің 4 мотопомпасы, жеке құрамның 10 адамы, қос техника жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органнан 30-ға жуық адам жұмылдырылды. Оларда 20-ға жуық мотопомпа бар.
Абай облысында да жағдай ушығып тұр. Қазір өңірде 45 елді мекен қызыл судың астында қалуы мүмкін. Әсіресе, Үржар ауданында жағдай қиын. Жауған қардың қалындығы бір жарым метр. Күн күрт жылынса, Жаңа Тілек, Егінсу, Жоғарғы Егінсу, Тасарық ауылдары су астында қалуы мүмкін. Ауданда жедел топ құрылып, әскери бөлімнің 50 сарбазы тасқынның алдын алуға жұмылдырылды.
Бектіғазы Саянов, Үржар ауданының ТЖБ бастығы:
— Елді мекендерде тәуілік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Үнемі бақылап отырмыз.Аудан көлемінде қар шығарылып жатыр. 26 мың 322 текше метр қар шығарылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр.
Жалпы еліміздің сегіз өңірінде тасқын қаупі жоғары. Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан, Абай мен Ұлытау облыстары қызыл аймақта тұр. Қазір аталмыш өңірлерде бөгеттер орнатылып, өзендерде мұз жару жұмысы жүргізілуде. Ал «Қазгидромет» мамандары апта соңына қарай күн күрт жылынады деп болжап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!