Тасқын: Екі облыста республикалық тасжолдар жабылды
Еліміздің екі облысында су тасқынына байланысты республикалық тасжолдар жабылды. Мамандар Ақтөбе мен Қостанайдағы трассаларда көлік қатынасын шектеген. Өйткені бұл өңірлерде қауіп күшейіп тұр.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.03.2025
Ақмола облысындағы Жамантұз ауылымен қатынас толық тоқтады. Себебі елдімекенге барар жолды су басып қалған. Аралда ққалған ауыл аудан орталығы Зерендіден қырық шақырым қашықтықта орналасқан.
Кереку өңірі де алаңдап отыр. Мұндағы Селеті өзеніндегі мұзды жарып жатыр. Су аққанда мұздан кептеліс болмау үшін құтқарушылар барын салуда. Селеті үш облыстың аумағынан, яғни Ақмола, Павлодар мен Солтүстік Қазақстаннан ағып өтеді. Мұз жаруға 144 келі жарылғыш зат пайдаланыпты.
Былтыр облыс орталығының біраз бөлігін су басқан Петропавлда Есілдің жағасын бекітіп жатыр. Бұл жұмысқа құтқарушылардан бөлек, әскерилер де тартылған. Мұндағы Сергеев су қоймасы қазірдің өзінде толып тұр. Платинаның ернеуіне небәрі 40 сантиметр қалған. Мамандар ол тасыса, су қалаға жайылатынын айтады.
Әділет Маратұлы, ҚР ТЖМ №52859 әскери бөлімі рота командирі:
Тепличный және Бескөл ауылында су тасқынының алдын алып жатыр. 3 наурыздан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Мақсат — суды ауылға, қалаға жібермес үшін және дамбыны күшейтіп жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!