Атырау облысында Жем өзенінің ағысы күшейді
Атырау облысындағы Жем өзенінің ағысы күшейіп, Құлсары халқы алаңдап отыр. Алайда жергілікті билік қарғын су көп ұзамай сейіледі деп сендірді. Өйткені өзеннің құяр басы Ақтөбе аумағында деңгейі түсіп кеткен. Былтырғы тасқынның зардабынан кейін билік өңірді қызыл судан қорғауға қыруар қаржы да бөліп, ерте қамданды.
Автор: Жанат Молдашова
27.03.2025
Соңғы күндері Жем өзенінің деңгейі күрт өскен. Күніне10 сантиметр жоғарылап, ағыс та күшейген. Төтеншеліктер мен сарбаздар өзеннің әлсіз тұстарын күні-түні бақылауға алған.
Қайрат Нұртаев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:
— Бұл жерде қауіп бар. Өйткені ағыны қатты. Ақтөбе жағында су деңгейі түсе бастағанмен, біздің аумақта түспеген. Негізгі судың қарқыны айдың аяғына дейін түседі деген жоспарымыз бар.
Былтыр мыңдаған тұрғын үй суға кетіп тасқынның зардабын көрген Құлсарыны биылғы қызыл судан қорғауға ерте қамданып, күш көбірек бөлінген. Тіпті бөгеттерді бекітіп, өзен-көлін тазалауға бюджеттен миллиардтаған қаржы да жұмсалып жатыр. Бұл жұмыс былтыр сәуірде басталғанымен, әлі де жүріп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, өзен бойын 50 шақырымға дейін тереңдеткен. Оған қоса қаланы судан қорғайтын бірнеше бөгеттер тұрғызыпты.
Нұрберген Құсайынов, Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы:
— Арнайы тағы да бөгеттер салынған, табаны 20 метр, үсті 6 метр болатын, әр 50 см сайын тығыздалған, жалпы ұзындығы 65 км бөгет салынып жатыр. Бұл жере қосалқы екі мердігер жұмыс атқарып жатыр. Қазір 78 пайыз жұмыс атқарылды. Бөгеттер тасыған суды тіреуге дайын тұр.
Әкімдік «дайынбыз» дегенмен, судың қарқынын көріп отырған елде үрей бар. Шаруалардың да шырқы бұзылған. Өзенді бойлаған бөгеттер мал шаруашлығына зиянын тигізіп жатыр дейді.
Қорабай Тайшыбаев:
— Жайылысқа су шықпай жатыр. Малға қиын. Мына судың бәрі бір арнамен ағып жатыр. Бұрынғыдай емес, бұрын жайылып жатқанда білінбейтін. Мынада бір жерде мөлшері көп пе, аз ба, мөлшерін білмей отырмыз.
Бұл тасқынға қарсы күреске облыс бюджетінен 40 миллиард теңгеден астам жұмсалмақ. Әзірге 10 миллиардты игердік дейді әкімдіктегілер.
Былтыр тасқында Жем өзенінің бойында гидробекет жоқтығынан су қарқынын уақтылы болжай алмай қалған. Бұл да үлкен қателіктердің бірі болды. Осыдан кейін жергілікті билік жедел автоматтандырылған гидробекеттер орнататын болды. Алайда дайындыққа бір жылға жуық уақыт өтсе де, бұл қондырғылар сол күйі орнатылмапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!