Ақтөбе: Жүк көліктер тұрағы Рауан жұртының берекесін қашырып отыр
Ақтөбе шетіндегі ауыл тұрғындары жүк көліктерінің тұрағын жоқ қылуды талап етіп отыр. Рауан елді мекенінің жұрты жиналған жүк машиналарынан мазамыз қашты деп шағымданады.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.03.2025
Бақыт Дәуренбаева:
— Ауа түтіннен ластанады. Бензин де емес, дизель. Немерелерім де жүре алмай қалды. «Ойбай, далаға шықпа, КамАЗ қағып кетеді, бульдозер қағып кетеді» деп отырамыз. Енді қалай, не болатынын білмейміз. Кім оған жауапты? Кім осы жерден жер беріп жатыр? Байтақ Қазақстанда жер жетпегендей, мына жерге әкеліп тығып тастады.
Рауан ауылына кіреберіс жол бойына былтыр күзден бастап жүк көліктері жинала бастаған. Бастапқыда жұрт жол жөндеушілер деп топшылапты. Бірақ күн санап машинаның қатары көбейіп, ақыры тұраққа айналған. Енді рауандықтар түтінге тұншығып, жүк көліктерінің гүрсілінен түнде ұйқыдан, күндіз еркін жүріп-тұрудан қалған. Ол аздай, тұрақта құрылыс басталған. Тұрғындарға ол жердің жұмысшылары кемпинг ашылады деп түсіндірген. Ауыл ішінде мұндай автотұрақтың ашылуы заңсыз дейді арызданғандар. Ал тексеру жүргізген әкімдіктегілер тұрақ ашуға ешкімге рұқсат бермеді деп отыр. Кәсіпкерге жер дүкен ашу үшін ғана берілген екен.
Жанаргүл Мақашова, Ақтөбе жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:
— Бөлім мамандарымен шықтық. Рауан тұрғын массивінде заңсыз құрылыс анықталған. Ол бойынша бүгінде бүкіл құжат дайындалып, құзіретті органдарға жіберіледі. Жері бар. Бірақ құрылыс салуға рұқсаты жоқ. Жердің нысана мақсаты дүкен салуға арналған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!