Наразылық: Астанада таунхаусқа қаржы құйғандар бес жыл бойы үйсіз жүр
Астанада қаланың қым-қуыт тіршілігінен бір сәт қол үзіп, сырттан үйлі боламыз деп сан соғып қалған тұрғындар наразылық білдірді. 2020 жылдан бері қала іргесіндегі таунхаустарға бар жиған-түйгенін құйып қойған олар, осы күнге дейін үйінің кілтін алмаған. Құзырлы орган мен жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырғанымен, әзірге мәселенің шешілер түрі жоқ. Ал құрылысқа жауапты кәсіпкер бүгін "мойнына алған міндетін толық «орындаймын» деп уәдені тағы үйіп-төкті.
Автор: Айжан Шамшидин
28.03.2025
Сырты бүтін болғанымен, бұл таунхаустардың ішкі жұмыстарының бітуі екіталай. Қаладағы бар мал-мүлкін сатып, шеттен таза ауамен тыныстаймыз деген мұндағы жұрттың арманы келмеске кеткендей. Құрылыс басында кірпіш тасып жатқан жан баласын көрмейсіз. Тек КТК телеарнасынан тілші келеді дегеннен кейін ғана қыбыр-сыбыр тіршілік басталғандай.
Көкейіндегі бар базынасын айтуға жиналған салымшылар 2020 жылдан бастап үй алуға ниеттенген. Алды 100 миллион теңгені санап берсе, кейбірі арнайы кестемен үй құнын төлеуге уағдаласқан. Айтуларынша, Инстаграмдағы MM Group құрылыс компаниясына, нақтырақ айтсақ, Мөлдір Сүйіншәли есімді бизнес ледидің жарнамасына алданып қалған.
Мәдина Мейрамбекова:
— Біз осы жерге жиналған себебіміз — үйімізді ала алмай жүрміз. 2021 жылы 100 пайыз ақша құйылған. Бірден көлігімізді саттық, үйімізді саттық. Осылай ата-анамызбен бірге тұрамыз деп алынған үй. Отбасымызбен тұрамыз деп ойладық. Бірақ, өкінішке қарай, қанша жыл болды, әлі пәтер жалдап жүрміз.
Жауапты адвокаттың сөзінше, бір Астананың өзінде дәл осы құрылыс компаниясы өз мойнына алған «Нұра-Элит» коттедж қалашығы бар, өзге де тұрғын үй кешендерінен баспаналы боламын деп сан соғып қалғандар саны жүзге жуық. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен қашып, тыныштық іздеген қараша құзырлы органдарға бірнеше рет жүгінген.
Жанарбек Бектеміров, адвокат:
— Қылмыстық органдарға арыз жаздық. Содан кейін қылмыстық іс басталды. Содан кейін бұл істі Бас прокуратураның қаулысы бойынша тоқтатты. Себебі сіздер азаматтық сотқа жүгінулеріңіз керек деп жазды. Бірақ біз оған келіспейміз, тұрғындар келіспейді.
Орта жаста қолындағысынан айырылып сергелдеңге түскен жұрт Мөлдір Сүйіншәлиге құдайдай сенген. Халықтан жиған жылуды жеке басына жаратып істі болған Перизат Қайратпен оның байланысын білгеннен кейін күдіктері қоюлана түсіпті. Ал әуел баста байланысқа шыққан компания өкілдері кейін салымшыларды бұғаттап тастаған дейді наразы топ. Байланыс аясынан тыс жерде деген Мөлдір Сүйіншәлидің өзіне тікелей хабарластық. Бірден кері байланысқа шыққан кәсіпкердің айтар өз шындығы бар екен.
Мөлдір Сүйіншәли, MM Group компаниясының директоры:
— Мен өз шындығымды айтамын деп басымды тауға да, тасқа да соқтым десем болады. Тіпті бүгін тамырымды да кескім келді. Себебі өз мойныма алған бар жауапкершіліктен ешқашан қашқан адам емеспін. Елдемін, күні-түні байланыстамын. Әр таунхаус, тұрғын үй кешені бойынша құжатым түгел. Бетім ашық. Бұған дейін құрылыс жергілікті әкімдіктің инфрақұрылымды уақтылы жүргізбеген себебінен тоқтатылған. Қала әкімдігі маған қажет техқұжаттарды тек 2024 жылдың мамыр айында қолыма берді.
Ал Перизат Қайратпен байланысының болғанын ол жасырмайды. Тек жақсылық жасаймын деп онымен серіктес болған Мөлдір ақыры өзі опық жеп қалыпты. Бірнеше миллион теңгеге ұтылып, қазір бұрынғы достықтың нышаны да қалмаған. «Аққа құдай жақ» деген Мөлдір Сүйіншәли таунхаус құрылысы тамыздың соңында бітеді деп уәде етті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!