«Терможаңғырту». Ақтөбеде қыруар қаржыға жөнделген үйдің сапасы сын көтермейді
Артық қыламын деп, тыртық қылды. Ақтөбеде ескі үйді терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеткен тұрғындар өкініп отыр. Қыруар ақша жұмсалған жұмыстың сапасы сын көтермейтінін айтады. Онымен қоса, смета құжаты да жоқ жеделсатыны жаңалау қажет екені айтылған. Тұрғындар мердігермен қоса, осы жөндеуге жауапты шенеуніктерді де жауапқа тарту керек деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.03.2025
Қаланың қақ ортасындағы бес қабатты ескі үйге жөндеу былтыр күзде басталған. Терможаңғырту бағдарламасы бойынша төбесін жауып, жертөледегі құбырларын жаңалап, подъездерін ретке келтіру керек болған. Жарты жылға созылған жөндеу жақында аяқталды. Бірақ сапасына тұрғындардың көңілі толмай отыр.
Зульфия Қуатова:
— Электр жәшіктерін жаңадан орнатты. Оны түртіп қалсаң, тесіледі. Кәріз құбырларын құдыққа дейін «өз ақшама тарттым» дейді мердігер. Ол күнде бітеліп, су мен нәжіске батамыз. Жертөлені де су алып кетеді. Осы жөндеу басталғанға дейін ондай мәселеміз болған еді.
Бұл үйді жөндеуге бюджеттен 121 миллион теңге бөлінген. Енді жеті жыл бойы осында тұратын 120 пәтердің иесі айына 8 мыңнан 16 мыңға дейін ақшасын өтеп отыруы керек. «Мұндай ақшаға сапасын сықитып істеуге болатын еді» - дейді тұрғындар. Ең қызығы, сметаға үйде жоқ лифтіні жаңалау қажет деп кіргізілген.
Петр Бергер:
— Үйімізде жеделсаты атымен жоқ. Бірақ бағдарламаға жауапты әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төлем түбіртегіне оны қосып қойған. Жоқ дүниені жөндегені үшін де ақша алмақшы. Сметада жұмыс құнын қымбаттатып жіберіп отыр. Оны дереу реттеп берсін.
Ал шенеуніктер жөндеуден соң комиссия келіп, арнайы тексеру жүргізгенін айтады. Сапасына қатысты тап қазір «шағым жоқ» деп отыр. Оған қоса, мердігер алдағы екі жыл бойы ақау анықталса жөндеуге міндетті екен.
Ақсұңқар Құлданбаев, Ақтөбе тұрғын үй қоры мекемесінің директоры:
— Аталған жұмыс комиссия шешімімен қаралды. Жұмыс қабылданды. Төбеге қар, су кіру мәселесі бойынша бұл жағдайдар құрылыс кезеңінде болған. Алайда мердігер мекеме бұзылғанын бәрін жойып, жұмыс жүргізілген.
Жауапты мекеме өкілдері жоқ жеделсатыны «есепшінің қатесі» деп ақталады. Жеделсаты жоба-смета құжатта да, қабылдап алу актісінде де жоқ екен. Дегенмен тұрғындар бұған сенбей отыр. Сондықтан іске антикор мен прокурорлардың араласуын сұрап арыз жазған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!