Енді Қазақстан мен Ирландия азаматтары салықты тек өз елдерінде төлеуі мүмкін
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Ирландия арасындағы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
13:49 20.12.2017
Аталған заң жобасы бойынша баяндаманы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жасады.
«Конвенция біріншіден, уағдаласушы мемлекеттердің арасында салық салу құқықтарын бөлу жолымен уағдаласушы мемлекеттердің резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалардың табыстарына қосарланған салық салуды жоюға мүмкіндік береді. Екіншіден, инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау жолымен Қазақстан мен Ирландия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, кеңейтуге жол ашады. Үшіншіден, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында салық мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы салықтан жалтарудың алдын алу мәселелерін шешуге көмектеседі», - деді ол.
Сонымен қатар ведомство басшысы аталған заң жобасы аясында Ирландия мен Қазақстан азаматтары салықты тек өз елдеріне төлей алатынын айтты.
«Конвенцияның жекелеген баптары уағдаласушы мемлекеттерде қызметтерін жүзеге асыратын әртістердің, спортшылардың, мемлекеттік қызметшілердің, студенттердің табыстары мен өзге де төлемдеріне салық салудың айқын тәртібін көрсетеді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер үшін, егер Қазақстан үшін жүзеге асырып жатқан қызметіне жеке тұлғаға еңбекақы мен зейнетақы төленетін болса, мұндай табыстарға тек Қазақстанда ғана салық салынады. Ал Қазақстанда жұмыс істейтін Ирландияның мемлекеттік қызметшісінің жағдайы да осыған ұқсас болады: салық тек Ирландияда ғана төленеді», - деді министр.
Сөз соңында Бақыт Сұлтанов Қазақстан мен Ирландия арасындағы сауда-саттық туралы статистикалық деректерге тоқталып өтті.
«Мәселен, қос ел арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 1 180 млн долларды құрады. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 139 млн долларғаа жетті. Қазақстанға Ирландиядан соңғы 10 жылда 1 млрд доллар көлемінде инвестициялар тартылды», - деп түйіндеді сөзін министр.
Мәжіліс аталған заң жобасын мақұлдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!