Сапасыз тауарлар шығаруға қатаң шектеу қойылатын болды
Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің жобасын және ілеспе заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады.
15:40 21.12.2017
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Қазақстан Республикасының жаңа Кеден кодексінің негізін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі құрап отыр. Осы құжатты қалыптастыру кезінде біз қолданыстағы ҚР Кеден кодексінің нормалары құрылысының логикасын негіз етіп алдық. Бірінші кезекте бұл екі құжаттың орнына бір құжатты пайдаланудың ыңғайлы болуына байланысты.
Осылайша, Кодекс жобасында Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелері толығымен имплементацияланған, ұлттық заңнамаға сілтеме нормалар көрсетілген, сондай-ақ ЕАЭО Кодексінде реттелмеген құқықтық қатынастар белгіленген», - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз баяндамасында.
Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің электрондық декларациялауға, «бір терезе» тетігіне, тауарларды автоматты түрде шығаруға байланысты кедендегі бизнес-процестерді автоматтандыру бөлігіндегі негізгі тәсілдері жаңа жобада толық көрсетілген.
Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру үшін «Постфактум» кедендік тазарту режімі деп аталатын кедендік декларация берілгенге дейін мәлімдеме бойынша шығарылатын тауарлар тізбесі кеңейтіледі. «Жобада кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға арналған жеңілдетулер қамтылған. Мәселен, олардың міндеттерінің бірі белгіленген мерзімде есептілікті ұсыну болып табылады. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, есептілікті уақтылы ұсынбаған жағдайда тұлға тізілімнен алып тасталуға тиіс.
Жаңа заңнама тұлғаның қызметін тоқтата тұруға және бұзушылық жойылғаннан кейін қайта бастауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Т. Сүлейменов. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында Кодексте кедендік операцияларды оңтайландыру бойынша бірқатар нормалар көзделгенін атап өтті. Қолданыстағы кодексте 24 сағатта кедендік транзитті аяқтау көзделген болатын, жаңа Кодексте рәсімді аяқтау үшін 4 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты берілген.
Бұдан басқа, транзиттік жүктерді кедендік тексеріп қарауды жүргізу қажет болған жағдайда, оларды жүргізу мерзімі он күннен бес күнге дейін қысқартылды.
«Көліктің екі және одан да көп түрімен тауарларды тасымалдау кезінде транзитті ресімдеуде белгілі бір қиындықтар болды. Көліктің әрбір түріне жеке транзиттік декларация ресімделген еді. Жаңа Кеден кодексінде бір транзиттік декларация ресімдеу мүмкіндігі берілген, бұл мультимодальды тасымалдау рәсімін едәуір жеңілдетеді. Жаңа заң жобасы шеңберінде бүгінгі күні бизнес қоғамдастық, сол сияқты мемлекеттік органдар тарапынан да бірқатар наразылық тудырып отырған мәселелер өз шешімін тапқандығын атап өту қажет. Мәселен, бұл тауарлар шығарылғаннан кейін кеден органдарына сәйкестік сертификаттары ұсынылатын шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты болып отыр. Жобада Үкіметтің жекелеген тауарларды, яғни балалар тауарларын, ойыншықтарды, гигиена заттарын шартты түрде шығаруға тыйым салу жөніндегі құзыреті көзделіп отыр. Яғни, бұл тауарлар сәйкестік сертификаттарын беру арқылы қауіпсіздігі расталған жағдайда ғана кеден арқылы өткізілуі мүмкін», - деді ведомство басшысы.
Мұнымен қоса, жобада техникалық реттеу, қоғамдық денсаулықты қорғау және кеден ісі саласындағы уәкілетті органдардың тауарлар шығарылғаннан кейін сәйкестік сертификаттарын беру тәртібі мен мерзімін белгілеу жөніндегі бірлескен бұйрығына сілтеме норма қамтылған. Бұдан басқа осындай тауарларға сертификат ұсынғанға дейін иелік етуге тікелей тыйым салынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!