Пхенчхан: үшінші күн нəтижесі
Кеше еліміз алғашқы медальді жеңіп алды.
02:31 12.02.2018
Фристайлшы Юлия Галышева ақтық кезеңдегі алғашқы екі мүмкіндігінде қажетті ұпайларға қол жеткізіп, финалға әлемдегі ең мықты жеті қыздың бірі болып шықты. Ол шешуші сында ең бірінші болып сайысқа шығып, 77.40 ұпайға ие болды.
Кейін қарсыластарының нәтижелерін күтіп отырды. Бірақ өзгелердің ұпайы Галышевадан асып түсіп жатты. Бар мәселе соңғы спортшының нәтижесіне байланысты еді.
Қазақстандықтардың бағына, ал өзінің өкінішіне қарай, ол спортшы бағытынан жаңылып, аяғындағы шаңғысы оны басқа жолға бұрып жіберді. Галышеваның қола жүлдеге іліккені белгілі болды.
Қазақстан құрамасы көптен күткен алғашқы медальға ие болды. Қазақстандық тағы бір фристайлшымыз Аяулым Әміренова могул сайысының екінші іріктеу кезеңінде бақ сынап, финалдық кезеңге өтпей қалды.
Кеше шаңғымен скиатлон жарысына шыққан қос спортшымыздың бірі Виталий Пухкало мәре сызығын 34-ші болып кесіп өтсе, Евгений Величко 43-інші келді.
Ал биатлоннан 10 шақырымдық жарысқа түскен ер азаматтарымыздың барлығы да жүлделі орыннан тыс қалды. Олардың арасында ең үздік нәтиже Роман Ереминге тиесілі болды. Ол нысана көздеуде екі рет қателікке бой алдырып, жарыс қорытындысында 43-ші орынға тұрақтады.
Владислав Витенко болса, нысана көздеуде 4 рет қателік жіберді. Василий Подкорытов (нысана көздеуде бір рет қателік жасады) пен Максим Браун (нысана көздеуде 4 рет қателік жасады) үздік 70 спортшының қатарына да іліге алмады. Шана спортынан сынға түскен қазақстандық Никита Копыренко жарыста 2:29.718 ұпай еншілеп, финалға өтпей қалды.
Бүгін сондай-ақ қазақстандық Игорь Закурдаев таң шаңғысының шапшаң түсу сайысында (финал) өнер көрсетуі тиіс болатын. Алайда, ауа райының қолайсыздығына байланысты жарыстар 15-16 ақпанға ауыстырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!