Қостанайлық полицей әлем чемпионы атанды
Джиу-джитсудан Болгарияда өткен полиция және құқық қорғау органдарының арасындағы әлем чемпионатында қостанайлық спортшы жеңімпаз атанды.
09:19 21.02.2018
Әскерилер арасындағы дәстүрлі турнир Болгарияның Банска қаласында өтті.
Байрақты бәсекеге қатысқан Қостанай облыстық ІІД қызметкері Олжас Сақаулов 85 келі салмақ дәрежесінде бірден екі медаль ұтып алды.
«Әлем чемпионы болу - әр спортшының арманы. Осы мақсатқа жету үшін көп еңбектендік. Құқық қорғау органдары саласында 15 жылға жуық уақыт қызмет етіп келемін. Бұл - менің ең ірі жеңісім. Ендігі ойым Әбу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына қатысып, топ жару. Сәуір айында өтетін жарысқа дайындықты бастап кеттік», - дейді спортшы.
Олжас алдымен «Неваза - систем» жүйесі бойынша өнер көрсетті. Ол бірінші кездесуінде жарыс иесі - болгариялықтан басым түсті.
«Жартылай финалда италиялықпен шықтым. Оның айлакер спортшы екенін алдыңғы бәсекелерінен-ақ білгенмін. Расын айту керек, бастапқыда ол менен басым түсіп отырды. Дегенмен, кездесудің аяқталуына 15 секунд қалғанда оны тізе бүктірдім. Сөйтіп, финалда украиналық джиу-джитсу шеберімен айқастым. Қарсыласымды 5 ұпай айырмашылығымен оңай ұттым. Мұнан соң «Файтинг-систем» жүйесі бойынша үздік үштікке кірдім», - деді Сақаулов.
Олжас Сақаулов - Ресей ІІМ Омбы Академиясының түлегі. Джи-джитсумен 7 жасынан бастап айналысады. Оның қоржынында бірнеше республикалық, Азия ойындарының жүлделері бар.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!