ФОТО: Қазақстан құрамасы велотректен Азия чемпионатында 8 медаль жеңіп алды
Малайзия астанасы Куала-Лумпурде тректегі велоспорттан өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 8 жүлдеге ие болды.
18:28 21.02.2018
ҚР велосипед спорты федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, медальдің екеуі күміс, алтауы - қола. Элиталық топта «Астана» велокомандасының мүшесі Артем Захаров жекелей ізге түсіп жарысуда және омниумнан қос қоланы еншіледі.
Омниум А.Захаровтың оң жамбасына келетін спорт түрі саналады, осындай жарыста Солтүстік Қазақстан облысының велоспортшысы 2016 жылғы Олимпиадада үздік ондықтың қатарына енген болатын. Жастар арасында Қазақстан құрамасы төрт медальді жеңіп алды.
Мұнда Максим Гридчин жекелей ізге түсіп жарысуда мәреге екінші болып келсе, Андрей Чугай спринттен, Виктор Голов 1 мың метрлік гиттен, Рамис Дінмұхаметов ұпайлар саны бойынша топтық бәсекеде үшінші орынға көтерілді.
Азия біріншілігінде сондай-ақ қыздар арасында Анастасия Шаповалова жүлдеге ілікті. Ол 500 метрлік гиттен екінші, спринттен үшінші орынға ие болды.
Бұл жолғы Азия чемпионаты Қазақстан үшін тағы бір оқиғамен ерекшеленді. Қазақстандық велоспортшы спринттен алғаш рет 10 секундтық межені бағындырды. Бұл рекордтық нәтижеге (9,965 секунд) Павел Воржев қол жеткізді.
Тректегі велоспорттан Қазақстан құрамасының бапкері Владимир Бушанскийдің айтуынша, бұл 2018 жылғы Азия ойындары қарсаңындағы маңызды жарыс болды. Алтынға қол жетпегенімен, қазақстандықтар тым-тәуір өнер көрсетті. Қарсылас құрамалар да күшті бола түскен.
Мысалы, Жапония командалық жарыста Азия рекордын орнатты. Командалық жарыста Қазақстан төртінші орынға табан тіреді. Ең бастысы, біраз жас спортшылардың мүмкіндігі бар екендігі көрінді. Ендігі мақсат - тамыз айында басталатын Азия ойындарына дұрыстап дайындалу.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!