Ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өлтіріп кетті
Павлодар облысының Баянауыл ауданында ерлі-зайыпты 76 және 78 жастағы зейнеткерлерді өлтіріп кетті.
11:18 26.02.2018
17 ақпан күні Баянауыл ауданының Майқайың ауылындағы үйлердің бірінен 76 жастағы ер адам мен оның 78 жастағы зайыбының мәйіті табылған.
Мәйіттерден зорлық белгілері анықталған. Оқиға орнында құқық қорғаушылар жұмыс жүргізіп, қылмыстың бетін ашу үшін қылмыстық полицияның тәжірибелі қызметкерлері іздеу жұмысына кіріскен. Облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, қанды оқиғаның мән-жайын анықтауға 200-ге жуық құқық қорғаушы жұмылдырылған.
Полицияға сонымен бірге «Майкаинзолото» комбинатының жұмысшылары мен ауыл тұрғындары көмектескен.
«Жедел іздестіру шаралары барысында құқық қорғаушылар күдіктіні қолға түсірді. Күдікті көз жұмған егде адамдармен бір көшеде тұрған 27 жастағы ер адам болып шықты. Тұрақты айлығы болмай, ақшаға зәру болған ол зейнеткерлерде ақшаның барын біліп, үйлеріне келген. Табалдырықтан аттай сала ол үй иесі мен әйелін бірнеше рет пышақтаған. Үйден ақша таба алмағаннан кейін банк карточкаларын алып кеткен», - деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен.
Полиция қылмыс жасалған пышақты тауып алған.
Қазіргі уақытта қажеті сараптама жұмыстары тағайындалып, қылмыстық іс тергелу үстінде. Күдікті қамауға алынған.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!