Қытай-Қазақстан жобаларына қатысты қауесетке жауап берілді
Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобалары тек жаңа технологияларға негізделген.
13:47 27.02.2018
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Үкіметтің қарамағында инвестициялық климатты жетілдіру жөніндегі кеңес бар. Оған Үкімет мүшелерімен бірге, шетелдік мемлекеттердің елшілері, инвесторлар қатысып, өздерінің ұсыныстарын жеткізіп келеді. Осы кеңестерде біздің жұмыстардағы кемшіліктер айтылып жатады, оның көпшілігі жергілікті жердегі атқарылып жатқан шараларға байланысты. Бұл тұрғыда Жеңіс Махмұдұлы (Инвестициялар және даму министрі) жергілікті жерлерде «ҚазақИнвест» арқылы «бір терезе» қағидаты аясында жұмыстарды жылдамдатып атқару қажет», -деп тапсырды Үкімет басшысы.
Премьер-Министр трансұлттық компанияларды тарту тұрғысында Мемлекет басшысы тарапынан айтылған ескертулерді назарға алу керектігін атап өтті.
«Қазақстан-Қытай бірлескен 51 жоба туралы баяндалды. Жалпы құны 30 млрд долларға жуық тікелей инвестиция тарту ескерілген. Осы жерде бір мәселеге тоқталғым келеді, яғни кей кездерде Қытаймен арада жасалып жатқан жобалардың барлығы бұрын істе болған деген қауесет болып жатады. Бұл қате пікір, дұрыс емес. Бұл тұрғыда Елбасының қатаң талабы бар. Қытаймен бірлесе жасалған әрбір жоба бүгінгі халықаралық стандарттарға сай, тек жаңа технологияларға байланысты. Бұрын пайдаланылған ешқандай ескі жоба іске асырылып жатқан жоқ. Оны қоғамға «ҚазақИнвестпен» бірге нақты түсіндіру қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министріне қаратып айтқан сөзінде.
ДЕРЕККӨЗ: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!