ВИДЕО: 40 жыл трактор тізгіндеген әже
Солтүстік Қазақстан тұрғыны зейнеткер Людмила Коробейникова трактор тізгіндейді.
18:12 14.03.2018
Әжей 40 жыл бойы сенімді серігінен қол үзген емес.
Людмила Коробейникованы алғаш рет трактор рөліне әкесі отырғызыпты. Ол 6-сынып оқып жүрген кезінен бастап ер адамдармен иық тіресіп, қыстық отын әзірлеуге жыл сайын көмектесетінін еске алады.
40 жылдан астам уақыт ауыр техника тізгіндеген әжей алты ай бұрын зейнетке шыққан. Жасы алпысты алқымдаса да, тракторға қарғып мініп, үйреншікті қимылмен моторды іске қосады.
40 жыл ішінде Людмила Коробейникова ауыр техниканың түр-түрінің тілін меңгерген. Ол асфальт тегістейтін каток, тиегіш, тұқым сепкіш машинамен жұмыс істеген.
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданында Бәйтерек ауылы салынғанда тәжірибесі мол Людмила Ивановна құрылысқа арнайы шақыртылыпты.
Соңғы жылдары тракторшы әйел тас жол төсейтін серіктестікте жұмыс істеп, сол ұжымда зейнетке шықты. 60 ер адамның арасындағы жалғыз нәзік жан құрметке ие.
Білікті маман құрметті демалысқа шықса да, маусымдық жұмысқа шақырту алып тұрады. Зейнеткер трактор тізгініне отырудың оңтайлы сәті түссе, қалт жібермейді.
Дереккөз: Baq.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!