Астанада тал түсте үш баланың әкесі мен шешесі жоғалып кетті
Астанада тал түсте үш баланың ата-анасы - 32 жастағы Исраилжан Идминов пен Гүлхан Терлікбаева бірдей жоғалып кетті.
16:28 19.04.2018
Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап жатыр.
«Полицейлер аталған азаматтарды табу бойынша кешенді түрде жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Іздестіру жұмыстарына Астана мен Алматы өңірлерінің ІІД жеке құрамы тартылды»,-деп хабарлайды қаланың ішкі істер департаменті.
Жоғалған ата-аналардың үш қызы бар. Олардың ең үлкені жеті, ортаншысы бес және кенжесі жасқа жаңа толған бүлдіршіндер. 12 сәуір күні сағат 14-00-де балалардың анасы үйінен шығып, ортаншы қызын «Айгөлек» дамыту орталығына апарған, содан бері хабар жоқ. Үйдің отағасы да дәл сол күні сағат 11-00-де із-түссіз кетті.
«Жоғалған әйелдің ерекше белгілері: Бойы 155-160 см, дене бітімі талдырмаштау келген, көзілдірік тағады. Ұлты - қазақ. Үстінде қоңыр түсті пальто, басына ақ-қара жолақты орамал тартқан, аяғына сұр түсті трико және қоңыр етік киген. Әкесінің ерекше белгілері: Бойы 165-170 см, дене бітімі арықтау келген, ұлты - ұйғыр. Үстіне бас жамылғысы бар жеңсіз қара-көк желет киген. Басында күнқағары бар шапка немесе кепка болуы мүмкін. Аяғына ашық көк түсті джинси мен қара етік, мүмкін көк жолақтары бар кроссовка киген», деп жазылған әлеуметтік желілерде.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!