Айлардың сұлтаны – Рамазан айы басталды
Бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды.
08:40 17.05.2018
Биыл ораза 29 күнге жалғасып, 17 мамырдан 14 маусымға дейінгі аралықта болады.
Бұл айда өзін мұсылман санайтын әрбір азамат Рамазан айын құрметтеп, Жаратушы Иенің бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтанады. Ораза тұтып, ғайбат жасамаған, жалған сөйлемеген, ешкімді ренжітпеген, харамдардан сақтанған адам Рамазан айын құрметтеген болып саналады.
Хадис шарифтерге сүйенсек: «Мұқият болыңдар. Рамазан айындағы сауап пен күнәлар еселеніп жазылады. Рамазанда көп намаз оқыңдар, көп Құран оқыңдар. Өйткені, Рамазанда оқылған Құран Кәрімнің әрбір әрпі үшін Хақ Тағала жәннат бақшаларынан бір бақша береді» делінеді. Яғни, Рамазан айын құрметтеген адам Алла Тағаланы құрметтеген болады.
Ораза тұту - игі мұсылман қауымының бес парызының бірі. Жалпы «ораза» сөзінің мағынасы - бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді.
Оразаға ниет: «Алла Тағаланың разылығы үшін таңнан күн батқанға дейін мүбәрак Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
Ауызашар дұғасы: «Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!»
Рамазан айындағы ораза кестесін осы жерден қарай аласыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!